homepage
Видеодан кадр

Елдің "еңбек нарығы" қартайып барады

23.04.2026, 10:46

Қазақстанда жастар еңбек нарығында маңызды рөл атқарғанымен, олардың үлесі мен мүмкіндіктері біртіндеп төмендеп келеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс жұмыс орындарының сапасы мен құрылымына қатысты мәселелердің бар екенін көрсетеді.

Еңбек нарығы «қартайып» барады

2025 жылдың қорытындысы бойынша елде жұмыспен қамтылған жастар саны 3,6 млн адамды құраған. Алайда олардың жалпы еңбек нарығындағы үлесі 38,9%-ға дейін төмендеген. Бұл – нарықтың біртіндеп «қартайып» бара жатқанын көрсетеді.

“Соңғы жылдары жалдамалы жұмысшылар саны айтарлықтай өспеген. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар саны да қысқарған. Яғни, жастар үшін жаңа жұмыс мүмкіндіктері жеткіліксіз”, – делінген Finprom зертеуінде.

Аймақтар арасындағы айырмашылық та айқын байқалып отыр. Сарапшылар жастардың негізінен қалаға бет бұратынын айтады. Қалаларда жұмыспен қамтылған жастар саны артса, ауылдық жерлерде, керісінше, азайған. Бұл еңбек нарығындағы теңсіздікті күшейтіп отыр.

Сонымен қатар кейбір өңірлерде жастар еңбекке ерте араласуға мәжбүр. Әсіресе аграрлық аймақтарда жасөспірімдердің жұмыс істеу үлесі жоғары, ал ірі қалаларда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен.

Жастар қай салада шоғырланған?

Жастардың білім деңгейі жоғары болғанымен, олардың көпшілігі мамандығына сай жұмыс таба алмай отыр. Олардың ең көлігі сауда саласында еңбек етеді – 643 мың адам. Одан кейін білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында жастар көп.

Ал жоғары біліктілік талап ететін салаларда жастар саны аз. Мысалы, ақпараттық технологиялар мен қаржы секторында жұмыс істейтін жастар әлдеқайда төмен. Бұл білім мен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздікті көрсетеді.

Еңбек жағдайына келсек, жастардың басым бөлігі қалыпты жұмыс уақытымен еңбек етеді. Дегенмен шамамен 500 мыңға жуық жас аптасына 41 сағаттан артық жұмыс істеп, артық еңбек етуге мәжбүр.

Жалпы, сарапшылар жастар үшін еңбек нарығындағы жағдай күрделі екенін айтады. Жұмыс орындары жеткіліксіз, ал мүмкіндік көбіне тұрақсыз немесе төмен біліктілікті талап ететін салаларда шоғырланған.

Егер білім беру жүйесі мен экономика арасындағы алшақтық азаймаса, жастарға өз мамандығы бойынша жұмыс табу одан әрі қиындай түсуі мүмкін.