homepage
lada.kz

Маңғыстауда малы қырылған шаруалар өтемақы талап етті

23.04.2026, 10:05

Маңғыстау облысында фермерлер ауа райының қолайсыздығынан кейін жаппай қырылған мал үшін өтемақы төлеуді талап етіп, билікке жүгінді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Lada.kz жазуынша, шаруалар шығынды өтеумен қатар, эпидемиологиялық жағдай асқынып кетпес үшін жануарлардың өлексесін тез арада жоюды сұрап отыр.

Малдың қырылуына не себеп болды?

Қарақия ауданындағы нөсер жаңбыр салдарынан жайылымдар батпаққа айналып, соның кесірінен мал жаппай қырыла бастаған.

Аудан әкімдігінің ресми дерегіне сүйенсек, небәрі екі күннің ішінде 553 бас мал шығын болған:

  • 20 сәуірде – 237 бас мал (108 жылқы, 5 тай, 10 құлын, 2 түйе, 5 бота және 107 қой-ешкі);
  • 21 сәуірде – 316 бас мал (134 жылқы, 9 тай, 19 құлын және 154 қой-ешкі).

Шаруалардың айтуынша, жайылымның батпаққа айналуы малдың қозғалуына және жайылуына мүмкіндік бермей, жаппай қырылып қалуына себеп болған.

Сонымен қатар дауылды жел үйлердің шатырын ұшырып, қора-қопсысы мен жем-шөп қорын да бүлдірген.

Әкімдіктің жауабы қандай?

Маңғыстау облысының әкімдігі жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар өндірістік кәсіпорындармен бірлесіп, батпаққа батқан жерлерді тазарту үшін арнайы техникаларды жұмылдырып жатыр.

Қазіргі уақытта қырылған мал саны есепке алынып, тиісті актілер рәсімделуде. Актілер жасалып, жануарлар чип арқылы сәйкестендірілгеннен кейін ветеринарлық қызметпен бірге арнайы техника көмегімен өлекселерді жою жұмыстары басталады. Ал шығынды өтеу мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралатын болады..