homepage
Depositphotos.com

Дәрі бағасын реттеу тәсілі өзгеруі мүмкін: депутаттар жаңа жүйе ұсынды

22.04.2026, 17:23

Қазақстанда дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу қағидаларын өзгерту мәселесі көтерілді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясы Денсаулық сақтау министріне жолдаған депутаттық сауалында қазіргі жүйенің тиімсіз тұстарын атап өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Депутаттардың айтуынша, дәрі-дәрмек – жай ғана тауар емес, халықтың денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік маңызы бар өнім. Сондықтан бұл саладағы кез келген қателік бірден тұрғындарға әсер етеді.

Қазіргі таңда мемлекет нақты препараттардың шекті бағасын белгілейді. Алайда іс жүзінде бағаның негізгі үстемесі жеткізу тізбегінде, әсіресе көтерме сауда деңгейінде қалыптасады.

“Соның салдарынан нарықта дәрі тапшылығы, бағаның түсініксіз әрі ашық болмауы сынды бірқатар мәселе туындап отыр. Ал бұл халықтың қажетті дәріні таба алмауы немесе оның бағасына наразы болуы сынды мәселелерді туындатады. Бұл жағдайда негізгі шағым дәріханаларға түседі, алайда олар бастапқы бағаны қалыптастырмайды”, – деді депутаттар.

Депутаттар қазіргі жүйеде мемлекет соңғы бағаны реттегенімен, көтерме буынды толық бақыламай отырғанын негізгі мәселе ретінде атап өтті. Бұл өз кезегінде баға теңгерімсіздігіне және кейбір дәрілердің заңсыз айналымына жол ашуы мүмкін.

Депутаттар фракциясы жағдайды түзету үшін жаңа реттеу моделіне көшуді ұсынды. Атап айтқанда:

  • дәрінің соңғы бағасын емес, өндіруші бағасынан бастап көтерме үстемеге шектеу енгізу;
  • препараттың құны мен әлеуметтік маңыздылығына қарай үстемеақыны саралау;
  • көтерме сауда жүйесінің ашықтығын арттыру үшін цифрлық бақылау енгізу;
  • жаңа модельге көшу бойынша нақты жоспар әзірлеп, оны Парламентке ұсыну.

Депутаттар бұл өзгерістер тек салалық мәселе емес, әлеуметтік әділеттілік пен халықтың мемлекетке деген сеніміне тікелей қатысты екенін атап өтті.