homepage
Видеодан кадр

Жанабыловтар ісі: прокурор блогерлерді 4 жылға соттауды сұрады

22.04.2026, 16:39

Астанада танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі шешуші кезеңіне келді. Сот жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушы олардың кінәсі толық дәлелденгенін алға тартып, қатаң жаза кесуді сұрады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Прокурор мәліметінше, ерлі-зайыпты блогерлерге заңсыз кәсіпкерлік қызмет жүргізу және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша айып тағылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, олар әлеуметтік желілер арқылы табыс тауып, ірі көлемде қаржы айналымын жүзеге асырған.

Іс мәні және айыптау тарапының уәжі

Сотта айтылған деректерге сүйенсек, айыпталушылардың заңсыз әрекетінен түскен табыс көлемі шамамен 247 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар бұл қаражатты заңдастыру әрекеті болғаны айтылды.

Мемлекеттік айыптаушы бұл істің маңызын ерекше атап өтті.

«Бұл – қатардағы қылмыстық іс емес. Әлеуметтік желілер белгілі бір аудиторияға әсер ететін қуатты құралға айналды. Оны жеке бас пайдасы үшін пайдалану адамдарды алдау мен экономикалық құқықбұзушылықтарға әкелуі мүмкін», – деді прокурор.

Сондай-ақ ол қылмыстың әлеуметтік желілерде ашық жүргізілгенін атап өтті.

«Бұл олардың әрекетінің жоғары деңгейде ойластырылғанын және ұйымдасқан сипатта болғанын көрсетеді», – деді айыптаушы.

Прокурордың айтуынша, сотталушылар кінәні ішінара мойындағанымен, келтірілген залалды өтеу бойынша нақты шара қабылдамаған.

Қандай жаза сұралды?

Айыптау тарапы Ерболат Жанабыловқа 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және мүлкін тәркілеуді ұсынды. Сонымен қатар оны үйқамақтан қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына ауыстыру сұралды.

Эльмира Толегеноваға да 4 жыл жаза тағайындау ұсынылды. Алайда оған қатысты жазаны бір жылға кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылмақ.

Сондай-ақ оның бұлтартпау шарасын жеңілдетіп, елден шықпау туралы қолхатпен шектеу ұсынылды.

Жеңілдететін жағдай ретінде олардың кәмелетке толмаған үш баласының бар екені ескерілді. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Айта кетейік, бұл іс қоғамда кең талқыланып, әлеуметтік желідегі қызметтің жауапкершілігі мәселесін қайта көтерді.