homepage
facebook.com/amir.shaikezhanov

Алматыда әріптесін зорлады деген белсендіге сот үкімі шықты

22.04.2026, 14:44

Алматыда «Амировка» барының негізін қалаушы әрі ЛГБТ-белсенді ретінде танымал Әмір Шайкежановқа қатысты сот үкімі шықты. Ол әріптесін зорлады және оған АИТВ (ВИЧ) жұқтыру қаупін төндірді деп айыпталған болатын, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Істің мән-жайы

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, оқиға өткен жылдың наурыз айында Шайкежанов иелік ететін «Амировка» мекемесінде болған.

Күдікті өз қызметкеріне белгілі бір затты ұсынып, жәбірленуші дәрменсіз күйге түскенін пайдаланып, оның келісімінсіз жыныстық қатынасқа түскен.

Сонымен қатар айыпталушы өзінде АИТВ (ВИЧ) инфекциясы бар екенін біле тұра, жәбірленушіге ауру жұқтыру қаупін төндіргені анықталды.

Іс бойынша дәлел ретінде жәбірленушінің айғақтары мен бейнебақылау камераларына жазылған видеолар ұсынылды.

Тараптар ұстанымы

Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, қарым-қатынас екі жақтың келісімімен болған.

Ол әлеуметтік желідегі жазбаларында видеоның тек бір бөлігі ғана жарияланғанын айтып, бастама жәбірленушіден келді дегенді алға тартты.

Ал жәбірленуші тарап (құжаттарда әйел адам ретінде көрсетілген, әлеуметтік желіде өзін Елисей деп таныстырған) өзінің ес-түссіз, дәрменсіз күйде болғанын айтып, оқиғаны растайтын видеоларды жариялаған еді.

Сот үкімі

Сот процесі барысында айыпталушы кінәсін мойындамаған. Жәбірленуші бас бостандығынан айыру жазасын сұраса, прокурор да 5 жыл 4 ай жаза тағайындауды талап еткен.

Сот шешімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы (зорлау) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 4 айға сотталды.

Ал ВИЧ жұқтыру қаупіне қатысты бап бойынша іс мерзімінің өтуіне байланысты жауапкершіліктен босатылған.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Әмір Шайкежанов – Алматыдағы ЛГБТ қауымдастығының құқығын қорғаушы ретінде танылған белсенді. Ол халықаралық прайдтарға қатысып, қала орталығында түрлі мәдени шаралар мен кештер ұйымдастыратын «Амировка» клубының негізін қалаған.