Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйлеп, Орталық Азия елдері ортақ экожүйеде өмір сүретінін атап өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, аймақ мемлекеттері су ресурстары, табиғи ландшафттар және климаттық қауіп-қатерлер тұрғысынан бірдей сын-қатерлерге тап болып отыр.
Мемлекет басшысы негізгі экологиялық мәселелер ретінде су тапшылығы, шөлейттену, мұздықтардың еруі, ауаның ластануы және биоалуантүрліліктің азаюын атады.
«Жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын уақыт өтті, шешім қабылдайтын кез келді», – деді Президент.
Су қауіпсіздігі және Арал тәжірибесі
Тоқаев су қауіпсіздігін Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе деп атады. Оның айтуынша, Арал теңізі мысалы салғырттықтың ауыр салдарын да, жүйелі әрі ғылыми негізделген шаралардың нәтижесін де көрсетіп отыр.
Президенттің дерегінше, қазіргі таңда Солтүстік Аралдың шамамен 36 пайызы қалпына келтірілген. Су сапасы жақсарып, балық қоры көбейіп, аймақтағы өмір сүру жағдайы да оңала бастаған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмыстарды қорытындылап, Каспий теңізін сақтау мәселесіне де ерекше тоқталды.
Каспий теңізін сақтау – ортақ міндет
Президенттің айтуынша, Каспийдің тағдыры тек табиғатты қорғау емес, сонымен бірге аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілік мәселесімен де тікелей байланысты. Сондықтан бұл теңіз айдынында кез келген әскери әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.
«Каспий теңізі маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Бұл талап қатаң сақталуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Каспийді сақтау үшін мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейтуді, сондай-ақ теңіздің тартылуына жол бермеуге бағытталған бірлескен бағдарламаларды іске асыруды ұсынды.