homepage
Juzmedia.kz

Биыл Қазақстанда 6 жаңа ақылы жол учаскесі енгізілмек

22.04.2026, 12:23

Биыл елімізде қосымша 6 жаңа ақылы жол учаскесін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жалпы ұзындығы 4 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі жұмыс істеп тұр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Спикердің айтуынша, ақылы жолдардың сапасын бақылауға ерекше назар аударылып отыр. Егер жол учаскелерінде ақаулар анықталса, жол ақысын уақытша тоқтату тетігі енгізілген. Қазіргі таңда 15 учаскеде анықталған жарықтар мен ақауларды жою жұмыстары жүргізілуде.

«Биыл қосымша 6 жаңа ақылы учаскені іске қосу жоспарланған», – деді Дархан Иманашев.

Брифинг барысында спикер 2026 жылғы су тасқыны маусымында республикалық жолдарда жағдай бақылауда болғанын да атап өтті. Биыл небәрі 5 су басу фактісі тіркелген, ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 178 жағдайға жеткен.

Су тасқынының алдын алу үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, 1 000-нан астам техника мен 1 900 қызметкер жұмылдырылып, шамамен 15 мың су өткізгіш құбыр тазартылған. Сондай-ақ 86 мың текше метр инертті материал дайындалған.

Мамандардың айтуынша, мұндай алдын алу шаралары жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттырып, көктемгі су тасқыны кезінде тәуекелдерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.