Қазақстан халқының табысы номиналды түрде өсіп жатқанымен, шығындардың қарқыны бұдан да жоғары болып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Табыстың артқанымен, шығын одан да тез өсіп жатыр
Finprom зерттеуіне сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы орташа табыс 1,5 млн теңгеге жетіп, бір жылда 9,2%-ға артқан. Ал шығындар 9,9%-ға өсіп, 1,3 млн теңгеге дейін көтерілген.
Нәтижесінде табыс пен шығын арасындағы «қаржылық қауіпсіздік жастығы» қысқарып келеді.
“Егер бұрын табыс шығыннан айтарлықтай жоғары болса, қазір бұл айырма азайған”, – дейді сарапшылар.
Өңірлер бойынша жағдай әркелкі. Ең жоғары табыс Астана, Алматы және Қарағанды облысында тіркелсе, ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында байқалған. Ал Жетісу облысында шығындар табыстан асып, теріс баланс қалыптасқан — бұл халықтың жинақ емес, күнделікті табысты толық жұмсап отырғанын көрсетеді.
Әлеуметтік тәуелділік күшейіп келеді
Табыстың негізгі көзі бұрынғыдай жалақы болып қалып отыр (66,7%). Алайда кәсіпкерлік пен өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табыс үлесі 9,1%-дан 8,2%-ға дейін азайған. Бұл шағын бизнес өсімінің баяулап, қосымша табыс көздерінің әлсірегенін білдіреді.
Сонымен қатар мемлекетке тәуелділік артып келеді.
Зейнетақы үлесі 17,9%-ға жетіп, табыстың елеулі бөлігін құраған. Ал мүліктен түсетін табыс пен туыстардан келетін материалдық көмек азайып отыр.
Яғни, халықтың «қаржылық қауіпсіздік жастығы» біртіндеп жұқарып барады.
Жалпы алғанда, экономикадағы қазіргі үрдіс халық табысының өсімі байқалғанымен, ол шығын қарқынын жаба алмай отырғанын көрсетеді. Бұл отбасы бюджетінің қаржылық тұрақтылығына қосымша қысым түсіріп отыр.