Ішкі істер министрлігі жүргізген тексеріс жұмыстарының барысында автомектептердің қызметіндегі бірқатар өрескел заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, еліміз бойынша 727 автомектеп жұмыс істейді.
Жүргізілген тексерулер барысында бірқатар кемшіліктер анықталған: автодромдарда жол белгілері мен таңбалардың, жарықтандырудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ кейбір оқу көліктерінің техникалық ақауы бар екені белгілі болды.
Сонымен қатар 59 оқу ұйымы міндетті техникалық тексеруден өтпеген әрі сақтандыру полисі жоқ көліктерді пайдаланған. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін 20 ұйғарым берілді.
Қатаң талаптар енгізілуі мүмкін
Тексеру нәтижесінде ІІМ Әкімшілік полиция комитеті 701 оқу тобының қызметін тоқтатты.
“Автомектептердің жұмысы «Автомектеп» ақпараттық жүйесі арқылы бақыланып, куәліктердің заңдылығы мен оқу процесі онлайн тексеріледі”, – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта бұл салаға бақылауды күшейту мақсатында автомектептерді ашуды рұқсат беру тәртібіне көшіру және мемлекеттік бақылауды енгізу жөніндегі заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.