Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде кәмелетке толмағандардың еңбек жағдайына қатысты ауқымды зерттеу нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Зерттеу Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан және Маңғыстау облыстарын қамтып, оған 97 мыңға жуық адам қатысқан.
Нәтижесінде жұмыс істейтін жасөспірімдердің басым бөлігі (67%-дан астамы) тұрақты табысы бар отбасылардан шыққаны анықталды. Бұл олардың еңбекке мәжбүрліктен емес, тәжірибе жинау мен әлеуметтену мақсатында араласатынын көрсетеді.
Жастардың пікірінше, жұмыс оқуына кедергі келтірмей, керісінше қаржылық сауаттылық, жауапкершілік және өзін-өзі дамыту дағдыларын қалыптастырады.
Заңнаманы күшейту ұсынылды
Сарапшылар жасөспірімдердің еңбекке араласуын қолдай отырып, олардың құқықтарын қорғауды күшейту қажеттігін атап өтті.
Осыған байланысты тәуекелге негізделген бақылау жүйесін енгізу, заңсыз ауыр жұмысқа тарту деректеріне жедел әрекет ету және еңбек инспекциясының өзге органдармен өзара іс-қимылын кеңейту ұсынылды.
Министр Асқарбек Ертаев зерттеу нәтижелерін алдағы жұмыста негізге алуды тапсырып, кәмелетке толмағандардың заңды еңбегін реттеу және ата-аналарды ақпараттандыру бағытындағы әдістемелік құралдарды жетілдіруді жүктеді.