homepage

Ақмола облысында жүзге жуық көлік соқтығысып, ондаған адам ауруханаға жеткізілді

Juzmedia. kz
03.01.2025, 23:37

Ақмола облысында Астана-Щучинск тасжолында жаппай жол апаты болып, 95 көлік соқтығысқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ЖОЛДАН 95 КӨЛІК ШЫҒАРЫЛҒАН

Бастапқыда 40-тан астам көлік делінгенімен, «ҚазАвтоЖол» АҚ хабарлауынша, жол апатына барлығы 95 көлік түскен.

«3 қаңтарда сағат 23:50-дегі жағдай бойынша Астана-Петропавл автожолында орын алған жол-көлік оқиғасынан 95 автокөлік толықтай шығарылды. Апат салдары жойылып, қисық білеу қалыпқа келтірілді. Жол қызметінің мамандары жолды толықтай тазалады», - деп хабарлады ұлттық оператордың баспасөз қызметі.

АПАТ ОРНЫНАН 71 АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарллағандай, авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 152 адам және 68 бірлік техника жұмылдырылды.

«Авариялық-құтқару жұмыстары барысында 71 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланды. Олар жылыту пунктіне жеткізіліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Тағы 11 адам құтқарылды, оның 10-ы Макинск аудандық ауруханасына жатқызылды.

Щучинск қаласындағы жылыту пунктеріне 20 адам эвакуацияланды. Азаматтарға ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Катастрофа медицинасы орталығының филиалының психологтары жұмыс істеуде. Зардап шеккен азаматтарды Астанаға темір жол арқылы жеткізу жоспарлануда», - делінген ТЖМ хабарламасында.

ЖАППАЙ ЖОЛ АПАТЫНЫҢ СЕБЕБІ АЙТЫЛДЫ

Айта кетейік, Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апатының 3 қаңтар күні сағат 13:30-да Біржан сал ауданының Қоғам және Қаратал ауылдарының арасында болғанын хабарлады.

«Ауа райының нашарлауына байланысты (боран, көрінудің шектелуі) алдын ала мәлімет бойынша көліктер жаппай соқтығысқан. Жүргізушілерді ауа райы жағдайларын ескеруге, жолда өте сақ болуға және жағдай жақсарғанша осы бағытта жүруден бас тартуға шақырамыз», – деп мәлімдеді полиция. 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.