Елімізге мемлекеттік сапармен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүх келді. Қазақстан мен Моңғолия іргесі бөлінбес, көрші мемлекеттер. Алайда, Қазақстанға соңғы 20 жылда мұндай жоғары деңгейдегі сапармен бұл елдің президенттері келмепті. Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Ұлан-Батырға сапарлап, оннан астам құжатқа қол қойып, Ухнаагийн Хурэлсүхты Астанаға мемлекеттік сапармен келуге шақыра келген болатын, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
57 жастағы Ухнаагийн Хүрэлсүх елді 2021 жылдың 25 маусымнан бері басқарып келеді. Оған дейін Моңғолияның премьер-министрі болып қызмет етті. Елдің алтыншы президенті.
2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 20,1 млн АҚШ доллар көлемінде болған. Бұл көрші елдердің әлеуеті үшін төмен көрсеткіш. Ендігі меже айқын. Ол – арадағы сауда айналымын 500 млн долларға жеткізу. Қазақстан бұл елге негізінен өңделген азық-түлік түрін тасымалдайды. Бүгінгі сапары барысында Моңғолия Қазақстаннан бидай импорты көлемін арттыру ниетін жеткізді.
Моңғолия ауыл шаруашылығын жақсы дамытып отыр. Елде 70,9 млн мал бар, бұл — жан басына шаққанда ең жоғары көрсеткіш. Климаты мен аумағы ұқсас Қазақстанда, керісінше, 1990 жылы 36 млн болған қой мен ешкі саны соңғы жылдары 21 млн дейін азайған. Ал осы кезеңде Моңғолияда бұл көрсеткіш керісінше өскен. Осы тұрғыдан алғанда, сарапшылар Моңғолия тәжірибесін Қазақстан үшін маңызды үлгі ретінде бағалайды.
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі — транзит пен логистика. Әлеует жоғары болғанымен, толық пайдаланылмайды. Моңғолияның да теңізге тікелей шығатын жолы жоқ. Географиялық орналасу мен өңірлік ерекшеліктер екі елді балама көлік дәліздерін дамытуға итермелеп отыр.
Моңғолия халқы 3,5 млн асады. Елде 28 ұлт пен этнос өмір сүрсе, олардың шамамен 4% — қазақ.
«Мен бұл сапарға айрықша мән беріп отырмын. Себебі, Моңғолия аймақтағы маңызды серіктесіміз, тату көршіміз. Біздің тарихымыз бен тамырымыз ортақ. Екі ел де көшпенділер өркениеті мен киіз үй мәдениетінің мұрагері саналады. Қос халықтың болмысы мен рухани дүниесі, өмір салты мен әдет-ғұрпы үндес. Сондықтан біз бір-бірімізге әрдайым тілектес болып, жетістіктерімізге шынайы қуанамыз, - деді бүгін Тоқаев.
Тараптар Астана мен Ұлан-Батыр арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыруға келісті. Сондай-ақ, Тоқаев Қазақстанда білім алуға ниетті моңғол жастарына әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығы ашылмақ.