homepage
коллаж: Juzmedia.kz

15 млрд $: Қазақстан Ресейден АЭС құрылысына несие алмақ

21.04.2026, 12:48

Қазақстан Ресейден АЭС салуға қомақты қаржы алмақ. Бұл туралы Атом энергия жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Оның айтуынша, атом станциясын салуда қаржылай қиындық болмайды. Ресей Федерациясы Қазақстанға жобаны жүзеге асыру үшін мемлекетаралық несие береді.

“Екі келісім жоғары дайындық деңгейінде пысықталып жатыр. Оның бірі, тікелей атом электр станциясын салуға қатысты, ал екінші келісім – ресейлік тараптан қаржыландыруды қамтамасыз ету туралы. Қаржының 85 пайызы несие түрінде беріледі, ал 15 пайызын Қазақстан үкіметі өзі қаржыландырады”, — деді ол тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. 

Жобаның түпкілікті құны әзірге бегісіз. Ол құрылысы толық аяқталған кезде ғана белгілі болмақ. Алайда, агенттік төрағасы болжамды бағасын жария етті. Оның айтуынша, жалпы қуаты 1200 мегаватт болатын екі блоктан тұратын станцияны салуға 15 млрд доллар қажет.