homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда АЭС салынатын өңірлер аталды

21.04.2026, 12:43

Қазақстан билігі 2050 жылға дейін еліміздің әртүрлі аймағында кемінде үш атом электр станциясын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Тіпті кейбір өңірде алты энергоблокқа дейін бой көтеруі ықтимал. Бұл туралы Қазақстанның атом энергетикасы саласына жауапты ресми өкілі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттiгі басшысының айтуынша, атом энергетикасын дамыту – елдегі электр энергиясына деген сұраныстың артуы мен энергия теңгерімін әртараптандыру қажеттілігінен туындап отырған қадам.

Мемлекет басшысы бекіткен атом саласын дамыту тұжырымдамасы аясында Қазақстанның әлемдік уран қоры бойынша көшбасшы екені ескерілген.

«Әлемде атом генерациясының артуы байқалып отыр. Уранның орасан зор қорына ие Қазақстан үшін бұл – дамудың табиғи жолы», - деп атап өтті Сәтқалиев.

АЭС салынуы мүмкін негізгі аймақтар

Қазіргі уақытта мамандар станция салуға қолайлы бірнеше негізгі алаңды қарастырып жатыр. Ең алдымен, бұл – Балқаш маңындағы аймақ.

Сәтқалиевтің сөзіне сенсек, бұл аумақ нысанды кеңейтуге өте қолайлы және мұнда алты ірі энергетикалық блокқа дейін салуға болады.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы кіші және орта реакторларды дамыту үшін зор әлеуетке ие нысан ретінде таңдалған.

Бұдан бөлек, батыс өңірлер де назардан тыс қалмады. Батыс Қазақстанда энергетикалық қондырғыларды пайдалану, оның ішінде суды тұщыту бойынша жинақталған тәжірибе бар.

Ал ұзақмерзімді перспективада АЭС салынуы мүмкін алаңдардың қатарында Қостанай өңірі де аталып отыр.

Шағын реакторлар құрылыс қашан басталмақ?

Жоба аясында шағын модульдік реакторларды енгізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр.

Мұндай қондырғылар ескірген көмір станцияларын алмастыруға және жекелеген аймақтарды энергиямен сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Олардың қуат бірлігіне шаққандағы құны жоғары болғанымен, қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан тиімділігі жоғары.

Алайда атом станциясын салу – өте күрделі әрі ұзақ уақытты талап ететін процесс. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жобалау жұмыстарына орта есеппен 5-7 жыл, ал құрылысқа 10–15 жыл уақыт жұмсалады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы станциялардың бірін Балқаш ауданында салу жоспарланған. Бұл жоба әрқайсы 1200 мегаватт болатын екі энергоблокты қамтиды.