Соңғы жылдары адамдардың рұқсатынсыз олардың атына кредит рәсімдеу фактілері жиілеп барады. Алаяқтар жеке деректердің таралуы, фишингтік сайттар, зиянды қосымшалар және психологиялық айла-тәсілдер арқылы банк жүйесіне қол жеткізуі мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Fingramota.kz жзуынша, заң азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін қарастырған, бастысы – жылдам әрекет ету.
Кредит рәсімделгенін қалай білуге болады?
Көбіне адамдар өз атына несие рәсімделгенін кездейсоқ біліп жатады. Онда да банктен хабарлама келгенде, коллектор қоңырау шалғанда немесе кредит тарихы нашарлап кеткенде, кейде тіпті белгісіз SMS-кодтар келіп немесе түсініксіз ақша шешімдері де байқалғанда ғана сан соғып қалады. Ал мұндай белгілерді елемеуге болмайды.
Дереу банкке хабарласыңыз
Ең алдымен, алаяқтар атыңызға несие рәсімдеген банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) ресми байланыс арналары арқылы шұғыл хабарласып, мына іс-қимылдарды орындауды талап етіңіз:
Дәлелдерді жинаңыз
Қолыңыздағы SMS-хабарламаларды, транзакциялар тарихын, алаяқтармен жазысқан хаттар мен сөйлесу жазбалары сияқты барлық ақпаратты түгел сақтап қойыңыз.
Бұл деректер алдағы тергеу амалдары үшін басты айғақ болады.
Полицияға арызданыңыз
Құқық қорғау органдарына арызды eGov.kz, e-Otinish порталдары арқылы онлайн немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне барып өз қолыңызбен тапсыруға болады.
Арыз негізінде іс Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) тіркеледі. Осыдан кейін сізге жәбірленуші мәртебесін растайтын процестік құжат берілуі тиіс.
Несиені өндіруді тоқтатыңыз
Полициядан тиісті құжатты алған соң, банкке қайта жүгініңіз.
Заң бойынша, кредитор құжатты алған сәттен бастап 3 күн ішінде сіздің атыңыздағы қарызды өндіріп алуды тоқтатуға міндетті.
Егер іс коллекторлық агенттікке беріліп қойса, олар да талап қоюды уақытша тоқтатады.
Несиені толық жоюға бола ма?
Алаяқтық жолмен алынған несие автоматты түрде жойылмайды. Ол үшін тек алаяқтық фактісі ғана емес, сонымен қатар банктің несие беру кезінде жіберген заңсыздықтары немесе қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны дәлелденуі керек.
Мұндай жағдайда қарызды банкпен келісу арқылы (сотсыз) немесе сот шешімімен толық өшіруге мүмкіндік бар.