homepage
фото ашық дереккөзден

Шаруаларға салықты азайту бастамасы қолдау таппады

21.04.2026, 11:21

Қазақстанда фермерлерге арналған салықтық жеңілдіктер жеткілікті деңгейде қарастырылған. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі LS-ке сілтеме жасап

Бұған дейін, мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері үшін жеке табыс салығын (ЖТС) төмендетуді ұсынған болатын. Алайда бұл бастама үкімет тарапынан қолдау таппады.

Серік Жұманғарин атап өткендей, қолданыстағы салық заңнамасында ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жеке тұлғалар мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің салық жүктемесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар тетіктер қарастырылған.

"Шаруа және фермер қожалықтары үшін жеке табыс салығының (ЖТС) мөлшерлемесі табыстың 0,5%-ы деңгейінде белгіленген. Ал жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін сатудан түскен табыс жылына 282 АЕК-ке дейін (шамамен 1,2 млн теңге) салықтан босатылады. Бұл жеңілдік өнімді дайындаушы ұйымдар, кооперативтер, қайта өңдеу кәсіпорындары немесе нарықтар арқылы өткізілген жағдайда ғана қолданылады", – деді министр.

Ол сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін арнайы салық режимі жойылғанына қарамастан, негізгі жеңілдіктер сақталғанын айтты: корпоративтік табыс салығы (КТС) – 3%, әлеуметтік салық – 1,8%, ал мүлік пен көлік салығы 70%-ға қысқартылған.

Министрдің мәліметінше, 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспары бекітіліп, сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Жалпы, 2030 жылға дейін еңбек нарығында 883 мың маманға сұраныс болады деп күтілсе, оның 63 мыңы агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі.