homepage
Depositphotos.com

Үкімет ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін жаңа шаралар қабылдамақ

21.04.2026, 10:19

Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау бағытында жаңа қадамдар қарастырылып жатыр. Үкімет отырысында бұл санаттағы адамдарды жұмыспен қамту, оңалту инфрақұрылымын кеңейту және тар бейінді мамандар тапшылығын шешу мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жұмысқа орналастыру квотасы екі есеге артады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, елімізде шамамен 752 мың ерекше қажеттілігі бар адам тұрады. Олардың 56 пайызы еңбекке қабілетті жаста.

“Инклюзивті жұмыспен қамтуды дамыту мақсатында мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру квотасын екі есеге арттыру жоспарланған. Осы жылдан бастап квота арқылы шамамен 17 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп”, – деді ол.

Өткен жылы еңбекке қабілетті 413,7 мың адамның 110,8 мыңы жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар 25 мыңнан астам азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары көрсетіліп, 8,1 мың адам квота аясында жұмысқа тұрған.

Оңалту орталықтары көбейіп жатыр

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған инфрақұрылым да кеңейтілуде.

Қазіргі уақытта ел бойынша жоғары технологиялық жабдықталған 33 оңалту орталығы жұмыс істейді. Соңғы екі жылда бірнеше жаңа орталық ашылып, биыл тағы бір нысанды іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған 15 мамандандырылған орталық қызмет көрсетуде. Бұл шаралар оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Қандай мамандықтар тапшы

Үкімет отырысында Олжас Бектенов инклюзия саласын тар бейінді мамандармен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Еңбек министрлігінің дерегінше, елде қазіргі таңда 69 сурдолог, 98 реабилитолог және 2 мыңнан астам логопед жетіспейді.

«Биыл колледждер мен университеттерден жалпы 181 сурдолог, 190 реабилитолог, 1412 логопед оқуын аяқтайды. Сол жас мамандар екінші жартыжылдықта жұмысқа қосылады. Жалпы кадр тапшылығы мәселесін Еңбек министрлігі Денсаулық, Оқу-ағарту және Ғылым министрлігімен бірлесіп шешеді», — деді министр.

Кадр тапшылығын жою үшін тиісті мемлекеттік органдар бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр.

Мамандардың айтуынша, бұл шаралар ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, олардың қоғамға толыққанды араласуына мүмкіндік береді.