homepage
Depositphotos.com

Петропавлда жолға бөлінген 2 млрд теңге жымқырылған

21.04.2026, 09:21

Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Петропавл қаласында автожол өтпежолының құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметінше, 2023 жылдың тамыз айында қалалық әкімдіктің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ мен «БУКА» ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге автожол өтпежолын салу туралы келісімшарт жасалған.

Алайда құрылыс жұмыстары барысында мердігер ұйым белгіленген кестеден жүйелі түрде кешіккен.

Тергеу нұсқасына сәйкес, компания директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, нақты орындалмаған жұмыстарды орындалды деп көрсеткен жалған актілерді рәсімдеген.

“Осы құжаттардың негізінде мердігер ұйымның есепшотына бюджет қаражаты заңсыз аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірілгені анықталды”, – делінген ҚМА хабарламасында.

Сот санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.