homepage
фото: Ақорда

Тоқаев БҰҰ тағы сынады

20.04.2026, 14:16

“Құрылғанына 80 жыл болған БҰҰ-ы дәл қазір жаһандық құрылым ретінде тиімсіз. Ұйымның беделін де көтеру керек”. Анталия дипломатиялық форумы барысында сөз алған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. 

Ол маңызды келіссөздер БҰҰ алаңынан тыс жерлерде өтіп жатқанын айта келе, “бұл БҰҰ-ның рөлінің төмендегенін көрсетеді. Мен бұған алаңдаймын. Негізгі мәселе – ұйым қазіргі күйінде тиімді жұмыс істей ала ма деген сұрақ", деді ол. 

Қазақстан президенті халықаралық ұйымдарға реформа қажет дей келе, Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі құрылымы жаһандық мәселелерді шешуге кедергі келтіріп отыр деген пікір білдірді.

"Кей жағдайда Қауіпсіздік кеңесінің өзі өзекті мәселелерді шешуге тосқауыл болып отыр. Бұл — оғаш жағдай. Сондықтан дипломаттар басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр. БҰҰ Жарғысында "дұшпан мемлекеттер" деген ұғым бар. Бірақ бүгінгі таңда сол елдер ұйымды қаржыландыру мен бейбітшілікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру қажет", деді ол.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жүйесінде бұрын қызмет атқарған тәжірибелі дипломат. Ол 2011–2013 жылдары ұйым Бас хатшысының орынбасары әрі Женевадағы бөлімшесінің басшысы болды. Соңғы уақытта Қазақстанда Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысы қызметіне кандидат болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жүр. Алайда ол бұған дейін бірнеше рет мұндай жоспар жоқ екенін мәлімдеген.

Қазіргі Бас хатшы Антониу Гутерриштің өкілеттігі биыл аяқталады. Жаңа кандидаттарды тіркеу сәуірде аяқталып, кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері қазан айына дейін жасырын дауыс беру арқылы бір үміткерді таңдайды. Соңғы шешімді Бас Ассамблея қабылдайды. Кандидаттың сайлануы үшін Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесінің (АҚШ, Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбританияның) қолдауы қажет.