homepage
фото: ашық дереккөзден

Жалған ақпарат үшін жаза қандай?

20.04.2026, 13:45

Қазақстанда интернетте жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік күшеймек. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарлама таратсаңыз немесе жай ғана репост жасасаңыз да айыппұл төлеп, тіпті “отырып” та шығуыңыз мүмкін. 

“Олай етпеске амал қалмай тұр” дейді құқық қорғаушылар. Жалған ақпарат тарату фактілері күн санап көбейіп барады.

Ішкі істер министрлігі жалған ақпаратты жазған автор ғана емес, соны таратқан әрбір адам жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Қолданушы репосты пікірсіз немесе «ақпарат тексерілмеген» деп ескертіп таратқанның өзінде бұл жауапкершіліктен босатпайды. Хабарлама өшірілсе де, құқық қорғаушылар оны қалпына келтіріп, дәлел ретінде пайдалана алады.

Жалған ақпарат тарату әкімшілік кодекстің 456-2-бабы бойынша жазаланады. Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 20 АЕК, яғни 2026 жылы 86 500 теңге көлемінде бекітілген.

Кәсіпкерлер мен ұйымдар үшін айыппұл мөлшері жоғары. Оның көлемі шағын бизнес және коммерциялық емес ұйымдар үшін 30 АЕК, орта бизнес – 50 АЕК, ірі бизнес үшін 100 АЕК деп белгіленді. 

Ал, егер қолданушы жалған ақпаратты әдейі таратса, бұл қылмыс деп есептеледі. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша үлкен сомадағы айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Сонымен бірге жалған ақпарат тарату ісі алауыздық тудыру, жаппай тәртіпсіздікке шақыру, тыйым салынған ақпарат тарату, мемлекеттік құпияны жария ету сияқты басқа да баптар бойынша жазалануы ықтимал.