homepage
Фото: ашықдереккөз

Ақтөбеліктерді қанап келген ломбард иесі сотталмақ

20.04.2026, 09:38

Ақтөбеде лицензиясы болмаса да, бес жыл бойы ломбард қызметін ұйымдастырып келген азаматқа қатысты тергеу вяқталды. Ол жоғары проценттік мөлшерлемемелер белгілеп, халықты қанап келген. 

Тергеу амалдарына сай, күдікті 2020–2025 жылдар аралығында халыққа тұрмыстық техника (ұялы телефондар, теледидарлар, ойын приставкалары, фотоаппараттар және т.б.) кепілімен қарыз беруді ұйымдастырған.

Қаржыға мұқтаж азаматтардың жағдайын пайдалана отырып, ол тәулігіне 3,7%-ға дейін жететін жоғары пайыздық мөлшерлемелер белгілеген. Бұл заңмен белгіленген 0,3% шектен 12 есе жоғары.

Мәселен, бір клиент 257 000 теңге көлемінде 10 күнге қарыз рәсімдеп, комиссия шарты бойынша 51 400 теңге (тәулігіне 2%) сыйақы төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден аспауы тиіс еді (0,3%).

Қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 93 млн теңгеден асқан.

Сот санкциясымен күдіктінің 3 автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Іс сотқа жолданды. 

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға кепілмен қарыз беретін ұйымдардың лицензиясының бар-жоғын міндетті түрде тексеруді ұсынады, себебі бұл қызмет түрі мемлекеттік реттеуге жатады.