homepage
коллаж: Juzmedia.kz

Қазақстан «демографиялық цунамиге» дайын ба?

20.04.2026, 02:24

2026 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллион 500 мың адамға жетіп, ел дамуының жаңа стратегиялық кезеңі басталды. Бұл тек демографиялық өсім емес, ХХ ғасырдағы нәубеттерден кейін еңсесін тіктеген ұлттың тарихи жеңісі. Алайда, іргеміздегі «демографиялық жарылыс», Ресей нарығының шайқалуы және аймақтағы ресурстар үшін күрес бұл қуанышты зор жауапкершілікке ұластырып отыр. Қазақстан көрші елдерден ағылатын миллиондаған мигранттың нөпіріне төтеп бере ала ма? Ұлттық қауіпсіздік пен ертеңгі нан мен судың есебі бүгінгі сараптамамыздың өзегіне айналды.

Тарихтың таңбасы: Нәубеттен - ренессансқа

2026 жылдың көктемі Қазақстан тарихына жаңа бір белес болып енді. Ел халқының саны жиырма жарым миллиондық межеден асты. Бұл тек құрғақ статистика емес,  тағдыры сынаққа түскен ұлттың стратегиялық жеңісі. Неге десеңіз, өткен ХХ ғасыр қазақ демографиясы үшін нағыз нәубет дәуірі болды.

Отызыншы жылдардағы ашаршылық халықтың тең жартысын жалмап, гендік қорымызға оңалмас соққы берсе, артынша келген қуғын-сүргін елдің беткеұстар элитасын қынадай қырды. Екінші дүниежүзілік соғыс еңсе тіктетуге мұрша бермеді,  майдан шебінде қалған миллиондаған жас буынның артында ұрпақ қалмады. Бұл  тарихтың бізге салған ең ауыр таңбасы еді.

Статистиканы сөйлетсек, халық есебінің қалай құбылғанын көреміз: өткен ғасырдың 50-ші жылдарында ел аумағында 8 миллионға да жетер-жетпес халық тұрды. Одан кейінгі отыз жылда өсім байқалып, 80-ші жылдары 15 миллионға, ал Тәуелсіздік қарсаңында 17 миллионнан астық. Алайда, 90-шы жылдардың экономикалық тоқырауы мен миграциялық лек бізді нағыз «демографиялық шұңқырға» лақтырды. 2000 жылы Қазақстанда небәрі 15,5 миллион адам қалған еді.

Бірақ жаңа мыңжылдық ұлтқа жаңа дем берді. 2000 жылдардан бастап Қазақстан демографиялық ренессанс дәуіріне енді: 2010 жылы халық саны 16,8 миллионға, 2015 жылы 18 миллионға жетіп, 2022 жылы біз 20 миллиондық межені бағындырдық. Бұл феноменнің сыры неде? Көрші Ресей қартайып, Еуропа демографиялық тығырыққа тірелгенде, Қазақстан қалайша жас әрі серпінді болып қала алды? Экономикалық әл-ауқаттың жемісі ме, әлде халықтың ішкі кодындағы «өміршеңдік инстинкті» ме? Бұл сұраққа тәуелсіз сарапшы нақты деректермен жауап береді.

Алексей РАКША, демограф:
«Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы Ресейге қарағанда жоғары, өлім-жітім төмен, ал бала туу көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде - бір әйелге 2,1 баладан келеді. Халықтың тұрмыс деңгейі көтерілгенімен, дәстүрлер сақталып қалған. Егер сен осы қоғамның бір бөлігі болсаң, сенде бейсаналы түрде балалы болуға деген басқаша, жоғары ниет қалыптасады. Сен іштей көбірек балалы болуды қалайсың немесе жоспарлай бастайсың. Бұл бәріне бірдей әсер етпесе де, көпшілігінде осылай болады. Қазақстан халқының орташа жасы 30–31 жас шамасында және бұл көрсеткіш өте баяу өсуде. Бұл  әлемдегі ең «жас» елдердің бірі».

Аймақтық «демографиялық цунами» және Ресей факторы

Қазақстанның 20 миллиондық белесі  аймақтағы ауқымды трендтің бір бөлшегі ғана. Шын мәнінде, бүгінде бүкіл Орталық Азия әлемдегі ең жас әрі қарқынды өсіп жатқан аймақтардың біріне айналды. Қырғыз, тәжік, әсіресе өзбек ағайындардың саны жыл санап емес, күн санап артып келеді. Бұл  орасан зор адам ресурсын, үлкен энергияны және жаңа мүмкіндіктерді білдіреді.

Осы уақытқа дейін бұл алып демографиялық толқынды көршілес Ресей нарығы кедергісіз жұтып келген еді. Миллиондаған мигрант солтүстіктегі көршінің алып құрылыстары мен өндіріс орындарында нәпақа тауып, өз елдерінің экономикасын асырап отырды. Алайда, қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Ресейдегі соғыс, санкциялар мен рубльдің құнсыздануы миграциялық картаны қайта сызды. Ресей бұрынғыдай тартымды емес, тіпті қауіпті аймаққа айналды. Соның салдарынан миграциялық бағыт кілт бұрылып, Қазақстанға бет алды. Бұл үрдістің соңы неге апаратынын тарихшы Сұлтан Әкімбеков былай түсіндіреді:

Сұлтан ӘКІМБЕКОВ, тарихшы, шығыстанушы:
«Ресей мына соғыстан көтерем болып шығады. Бұрынғыдай Орталық Азиядан көптеп мигрант қабылдай алатын хәлде болмайды. Өзбектер Англия, Оңтүстік Кореяға азаматтарын жібереміз дейді. Бірақ бұл миллиондаған азамат үшін тым аз квота болады. Одан кейін, мысалы, Ауғанстанда жылына 1,3 миллион бала туады. Олар қайда барады? Бұл мәселені қалай шешуге болатынына нақты ешкім жауап бере алмайды».

Демек, көрші елдердегі халық санының күрт өсуі біз үшін жай ғана статистика емес. Біздің еңбек нарығымызға тікелей әсер ететін, есепке алуды қажет ететін елеулі фактор. Бүгінде Қазақстанның демографиялық картасында үлкен теңсіздік бар: оңтүстік пен батыста халық тығыз орналасса, солтүстік пен шығыс өңірлерде жұмыс күшінің жетіспеушілігі айқын сезіледі. 

Дәл осы тұста экономистер көрші елдерден келетін миграциялық ағынды «қауіп» емес, керісінше, экономиканы қозғаушы «мүмкіндік» деп бағалап отыр. Ресейде жұмыс істеп, үлкен құрылыстарда тәжірибе жинап үйренген білікті мигранттар енді Қазақстан нарығына бет бұра бастады. Бұл  біздегі жұмысшы таппай жатқан ірі жобаларды жандандыруға таптырмас мүмкіндік дейді сарапшылар.

Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист:
«Енді бұл жерде мәселе сәл күрделірек. Біріншіден, Қазақстанда мынау Ресейдегі жағдаймен байланысты біздің бауырлас мемлекеттерімізден Қырғызстан болсын, Тәжікстан болсын, Өзбекстаннан сол Ресейде істеп жүрген, сол жерде жоғары жалақы алып үйренген жұмысшылар, мигранттар — олар расында Қазақстанға келуі бек мүмкін. Бізде жұмыс орындарының көп ашылуы, әсіресе мына солтүстік өңірлерде құрылыста жұмыстар жетіспейді. Сондықтан олардың келгені бір жағынан құба-құп. Біз оларды жұмыспен қамтамасыз етуге, оларға тұрақты жалақы беруге мүмкіндігіміз бар».

«Ақылды миграция» және қандастар тағдыры: Германия тәжірибесінен не үйренеміз?

Миграция туралы сөз қозғалғанда, көз алдымызға көбіне құрылыс алаңында күрек ұстаған немесе базарда арба сүйреген адам келеді. Бірақ заманауи экономика үшін мәселе тек «қол күшінде» емес, негізгі екпін «ақыл-ойда» болуы тиіс. Біз бүгін кімді қабылдап жатырмыз? Тек біліксіз жұмысшыны ма, әлде елімізге жаңа технологиялық мәдениет әкелетін «ақылды миграцияны» жолға қоя алдық па?  

Тарихқа үңілсек, Германияның экономикалық қайта өрлеуіне түрік мигранттарының қосқан үлесі орасан зор болғанын көреміз. Олар тек жұмыс істеп қана қойған жоқ, бүтін бір өндірістік жүйенің ажырамас бөлшегіне айналып, екі ел арасында стратегиялық «алтын көпір» орнатты. Экономист Сапарбай Жобаев бұл параллельді былайша тарқатады: Германия мен Түркия ежелден бір-біріне жақын байланысқан. Өткен ғасырдың 80-90 жылдарында 5 миллионға жуық түрік азаматы Германияның өндіріс орындарында еңбек етті және бұл дәстүр бүгін де жалғасын тауып отыр. Германиядағы ауыр немесе қара жұмыстарды негізінен түркі мемлекеттерінің өкілдері атқару арқылы екі жаққа да тиімді экономикалық модель қалыптастырды.

Алайда, миграция туралы айтқанда біз көбіне шекараның арғы бетіндегі «жат» адамдарды елестетеміз. Бірақ ресми құжатында басқа мемлекет жазылса да, қаны мен жаны бір миллионға жуық қандасымыздың жай-күйі қалай? Олар атажұртқа үлкен үмітпен келгенде, біздің еңбек нарығы оларды қалай қарсы алады? Өз бауырларымыздың әлеуетін ел игілігіне бағыттай алдық па, әлде оларды заңсыздықтың тұңғиығына итеріп жатырмыз ба?  Бұл мәселенің ішкі, көзге көрінбейтін қатпарларын сарапшы келесідей сипаттайды.

Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист:
«Мен бұларды былай дер едім: Өзбекстан азаматы болғанымен, ол жерде қазақ ұлты өте көп. Қазір Өзбекстанда 1 миллионға жуық қазақ азаматы бар. Олардың жастары атажұртқа келеді де, оқуға түседі немесе кейбір уақытта заң шеңберінен тыс жұмыс істейді. Кейін Өзбекстанның басқа азаматтары солармен келісіп, біреудің үйін салу, жинастыру немесе мал қарау сияқты жұмыстарға жегіледі. Міне, осындай реттелмеген қарым-қатынастар кезінде түрлі келеңсіз жағдайлар мен заңсыздықтар шығып қалуы әбден мүмкін». 

Бұл жағдай Қазақстанның алдына жаңа міндет қояды: біз тек сыртқы көші-қонды ғана емес, өз қандастарымыздың еңбек құқығы мен олардың нарықтағы заңды орнын айқындап алуымыз қажет. Әйтпесе, миллиондаған адам ресурсын тиімді пайдаланудың орнына, оны «көлеңкелі экономиканың» құрбанына айналдырып алу қаупі жоғары.

Ресурстар соғысы: Демографиялық қысым мен «үнсіз» қақтығыстар

Әлемдік демографтардың пайымдауы бойынша, жиырма бірінші ғасырдың соңына қарай Орталық Азия жаһандық демографиялық дүмпудің негізгі ошағына айналмақ. Әсіресе, іргеміздегі Өзбекстан халқының саны 80 миллионға жетеді деген болжам  жай ғана статистикалық дерек емес. Бұл  аймақтың экономикалық және әлеуметтік келбетінің түбегейлі өзгеретінін білдіреді. Мұндай жағдайда Қазақстан үшін басты қауіп  «демографиялық қысым» факторы.

Ғылымда «жүйенің шаршауы» деген ұғым бар. Ашығын айтқанда, бүгінгі Қазақстанның ішкі инфрақұрылымы дәл осы нүктеге тіреліп тұр. Әрбір жаңа туған сәби  болашақ балабақша мен мектептегі орын, ауруханадағы қосымша кезек және тозығы жеткен коммуналдық жүйеге түсетін жаңа салмақ. Бүгіннің өзінде қалаларымыздағы мектептердің үш ауысымға көшіп, жылу мен жарық желілерінің сықырлап әрең тұрғаны демографиялық өсімнің мүмкіндіктерімізден озып кеткенін көрсетеді.

Мұндай жағдайда бақылаусыз көші-қон легі ішкі сұраныс пен ұсыныс теңгерімін тас-талқан етуі мүмкін. Сарапшылар ескертеді: егер мемлекеттік реттеу тетіктері қазірден бастап түзелмесе, сырттан келген арзан жұмыс күші өз азаматтарымызды, әсіресе өсіп келе жатқан 7 миллион жасымызды өз нарығымыздан ығыстыра бастайды. Бұл мәселенің қаупін тарихшы Сұлтан Әкімбеков былайша тұжырымдайды:

Сұлтан ӘКІМБЕКОВ, тарихшы, шығыстанушы:
«Өзбектер келетін болса, қай салаларға жұмысқа тұрады? Сауда, ауыл шаруашылығы. Бұл  өз азаматтарымызды ығыстырады деген сөз. Кәсіпкерлер үшін арзан жұмыс күші жақсы шығар. Бірақ мемлекет өз азаматтарын ойлауы керек қой? Мысалы, мал бағатын адам жоқ деп шағым айтады. Жергілікті халыққа жақсы ақы төле. Иә, бұл тауар бағасына әсер етуі мүмкін, бірақ ертеңді де ойлау керек. Өз халқымыз өсіп келеді, жастардың саны 7 миллиондай. Оларға жұмысты қайдан тауып береміз?»

Бұл тек еңбек нарығындағы бәсеке емес, ресурс үшін болатын жаңа ғасырдың «үнсіз соғысы». Бүгінде Қазақстан бүкіл Орталық Азияны ұнмен қамтып отырған негізгі «наубайхана» іспетті. Бірақ наубайшының өзі аш қалса ше? Орталық Азия қазірдің өзінде өзін-өзі толық азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отыр. Энергия мәселесі де өзекті: мысалы, Өзбекстанда қазірдің өзінде газ тапшылығы байқалады. Ал су мәселесі тіптен күрделі,  мұздықтар азайған сайын, тапшылықтың зардабы бірден сезілуде.

Сондықтан бүгінгі миграциялық саясат  тек виза мен квотаның шаруасы емес, бұл  судың әрбір тамшысы мен бидайдың әрбір түйірі үшін болатын стратегиялық есеп. Біз осы ресурстық қыспақта ең алдымен өз халқымыздың несібесін қорғай аламыз ба, әлде жаһандық дағдарыстың толқынында жұтылып кетеміз бе?

Түйін мұнымен ғана тарқамайды. Іргеміздегі Иран мен Ауғанстан төңірегіндегі алай-дүлей ахуал шекарамызға жаңа қауіп айдап әкелуі мүмкін. Егер осы «ыстық нүктелерден» қашқан босқындар легі есік қақса, экономикамыздың қауқары мұндай соққыға төтеп бере ала ма? Біздің нақты мүмкіндігіміз қандай? Осы бір алмағайып жағдайдың өлшемін сарапшы тамыршыдай тап басып сипаттайды.

Шеріпжан НАДЫРОВ, география ғылымдарының докторы, миграция жөніндегі сарапшы:
«Егер алдағы уақытта шабуылдар саябырсыса, босқындардың келу қаупі туындамайды. Ал егер соғыс ұзаққа созылатын болса, Қазақстанға мигранттардың ағылуы әбден мүмкін. Біз Еуропа емеспіз, мүмкіндіктеріміз әлдеқайда аз... Кез келген халық мигранттарды аса бір құшақ жая қарсы ала қоймайды. Экономикаға зиян келтірмеу үшін біздің ел ары кетсе 10 мыңнан 25 мыңға дейін ғана мигрант қабылдай алады. Экономикалық тұрғыдан бұдан артығын көтере алмаймыз. Олай болған жағдайда қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі төмендейді. Ең алдымен халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы зардап шегеді, сондай-ақ белгілі бір деңгейде білім беру жүйесіне де салмақ түседі. Бұл жағдайдан мен ешқандай оңтайлы тұсты көріп тұрған жоқпын».

Шеріпжан Надыров нұсқаған «жиырма бес мыңдық меже»  жай ғана статистика емес, ұлттық қауіпсіздігіміздің «қызыл сызығы». Осы тұста көкейде әрі ауыр, әрі ащы сұрақ туындайды: өзіміздің ішкі инфрақұрылымымыз (мектептер, ауруханалар, жылу желілері) сықырлап әрең тұрғанда, сырттан келген лекті қайда сыйдырамыз?
Бұл жағдайда көші-қон жай ғана адамдардың орын ауыстыруы емес, ресурстар үшін болатын жаңа ғасырдың «үнсіз соғысына» айналуы әбден мүмкін. Бүгінгі миграциялық саясат  тек виза мен квотаның шаруасы емес, бұл әрбір азаматтың әлеуметтік әл-ауқатын қорғауға бағытталған стратегиялық есеп болуы тиіс. 

«Кедейлік тұзағы» және технологиялық стагнация қаупі

Демографиялық ағынның ең қауіпті қыры  «технологиялық стагнация» немесе дамудың тежелуі. Экономикалық теория бойынша, еңбек ресурсы тым арзан елдерде инновация мен автоматтандыруға деген ынта жоғалады. Бұл Қазақстанның индустриалды даму жоспарына тікелей кедергі келтіретін фактор. Егер бизнес иесіне жаңа технология енгізіп, өндірісті автоматтандырғаннан көрі, біліксіз мигранттарды жалдау арзанға түссе, ел экономикасы «кедейлік тұзағында» қалып қояды.

Арзан жұмыс күшіне иек артқан экономика ешқашан жоғары технологиялық мемлекетке айнала алмайды. Бұл тек өндірістің дамымауына ғана емес, сонымен қатар ішкі жалақы деңгейінің өсуін тежеуге әкеледі. Нәтижесінде біздің білікті мамандарымыз шетелге ағыла бастайды. Осылайша, біз сапалы адами капиталдан айырылып, оның орнын біліксіз жұмыс күшімен толтыратын «сапасыз демография» қаупіне тап боламыз.

Экономист Сапарбай Жобаевтың пайымдауынша, бұл тенденция елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігіне нұқсан келтіреді. Ол кез келген индустриалды серпіліс бірінші кезекте жұмыс күшінің қымбаттауы мен оны алмастыратын технологиялық шешімдерден басталуы керек екенін алға тартады. Осы теңсіздікті реттеу және отандық жұмысшылардың құқығын қорғау үшін Қазақстан заңнамасында арнайы «қорғаныс кедергілері» қарастырылған.

Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист:
«Ондай заңнама бізде бар. Кез келген қазақстандық компания егер де шетелдік азаматтарды жұмысқа қабылдаймыз, соған бейімбіз дейтін болса, мәселен, Қытайдың немесе Американың компаниялары болсын, олар 70 пайыз жергілікті халықты жұмысқа қабылдауы керек. Сондықтан құрылыс компаниясы өзбек немесе қырғыз ағайындарымыз арзан жұмысқа кіреді екен деп, 100 пайыз соларды жұмыс істетуге заңнама рұқсат бермейді. Сенің жұмысшыларыңның кемі 70 пайызы жергілікті қазақстандық азаматтар болуы керек. Заң бойынша олардың ұлты маңызды емес - қазақтар, орыстар немесе поляктар болсын, бастысы  Қазақстан азаматы болуы шарт».

Бұл заңнамалық шектеу  еңбек нарығындағы теңгерімді сақтаудың жалғыз тетігі емес. Мемлекет миграциялық саясат арқылы тек сандық емес, сапалық көрсеткіштерге де басымдық беруі тиіс. Әйтпесе, «арзан» жұмысшы  дамытпайды, керісінше тежейді» деген қағида біздің экономикалық шындығымызға айналуы әбден мүмкін.

Қауіпсіздік сүзгісі мен көлеңкелі экономика

Кез келген ауқымды көші-қонның тасасында көзге көрінбейтін «сұр аймақ» болады. Бұл  мемлекеттің қауіпсіздік жүйесі сыналатын үлкен емтихан. Ашық шекара мен бақылаусыз ағын бар жерде заңсыздық та қоса бас көтеретіні  бұлжымас заңдылық. Бүгінгі ең үлкен қатер  есепке алынбаған, «көлеңкеде» жүрген мигранттар. Олар құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалған сайын, радикалды топтар мен қылмыстық құрылымдардың оңай олжасына айналуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.

Көрші елдерден шыққан азаматтардың әлемдегі ірі лаңкестік оқиғаларға қатысы бары туралы деректер бізге сабақ болуы тиіс. Біздің қауіпсіздік жүйесі осы миллиондаған ағынның ішінен қатерді танып, дер кезінде тосқауыл қоюға дайын ба? Экономист Сапарбай Жобаев бұл қауіптің экономикалық және әлеуметтік астарын былайша сипаттайды.

Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист:
«Миграциялық ағынның артуы көлеңкелі экономиканың белең алуына әкелетіні сөзсіз. Ресей тәжірибесі көрсеткендей, жемқорлық пен жасырын нарықтың жымдасуы ауыр зардаптарға соқтырады. Мәселен, «Крокус Сити Холлдағы» қайғылы оқиғада экстремистер мигранттарды өз мақсаттарына айламен пайдаланып кетті. Бізде де мұндай қатерлердің алдын алу үшін құқық қорғау органдары елімізге келген әрбір азаматты жіті сүзгіден өткізіп, қатаң бақылауда ұстауы тиіс».

Қауіпсіздік мәселесі тек шекараны күзетумен шектелмейді. Бұл  ел ішіндегі заңсыз еңбек нарығын «көлеңкеден» шығару, әрбір келген адамның мақсаты мен қызметін қатаң бақылауда ұстау деген сөз. Сонда ғана біз «демографиялық мүмкіндікті» «демографиялық қатерге» айналдырудан сақтана аламыз.

Прагматизм - болашақтың кепілі

Қазақ ежелден қонақжай халық. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» деп, төрін ұсынған, нәпақасын бөліскен жұртпыз. Бірақ бүгінгі жаһандық демографиялық цунами бізден тек ақкөңілдікті емес, қатал әрі салқынқанды прагматизмді талап етіп тұр. Бұл біздің ұрпақ алдындағы тарихи емтиханымыз.
Сынақтан сүрінбей өту үшін бізге үш стратегиялық бағыт қажет:
1. Интеллектуалды миграция: Бізге тек қара жұмыс күші емес, елге жаңа технология мен білім әкелетін сапалы мамандарды тартатын қатаң бақылау жүйесі керек.
2. Технологиялық серпін: Арзан еңбек күшіне тәуелділіктен арылып, экономиканы автоматтандыру мен инновацияға негіздеуіміз тиіс. Арзан жұмысшы  дамытпайды, керісінше тежейді.
3. Ресурстық есеп: Су мен энергия  болашақтың басты валютасы. Бізге әрбір тамшы су мен әрбір киловатт қуатты үнемдейтін, көршілермен теңгерімді стратегиялық жоспар ауадай қажет.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның 20 миллиондық белесі  мақтаныш қана емес, үлкен дайындықты талап ететін жауапкершілік. «Көршінің үйі жанса, түтіні бізге келеді» деген сөз бүгінгі алмағайып заманда жай ғана мақал емес, ащы шындыққа айналуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік жүйе де, қоғам да айналамыздағы күрделі құбылыстарды байыппен бағамдап, ұлттық мүддені бірінші орынға қоюы тиіс. Атқамінерлердің ішінде «еститін құлақ» болса, бұл сараптама ертеңгі күннің қамын бүгін ойлауға шақырған маңызды сигнал.

Айбек ҚОСАН