Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден өтті. Көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Мұхтар Шаханов - қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан заңғар тұлға. Ол өз ғұмырын шығармашылыққа, ұлт руханиятына арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырды. Шығармалары әлемнің 50-ден астам тілінде жарық көрді.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы, Төле би ауданындағы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ақынның әкесі қари молда болған, ол Мұхтар 9 жаста болған кезде дүниеден өтеді. Анасы 13 құрсақ көтерген.
"Алғашқы өлеңімді бала кезімде жаздым, кейін 16 жасымда республикалық газетке шықты. Сол кезде "16 жасар ақын шықты" деп жарияланды. Бүкіл Қазақстан шулады. Елдің түкпір-түкпірінен 400-ден аса хат келді. Екі адам іздеп келді, оның бірі – Шәмші Қалдаяқов, екіншісі – қазақтың дара тұлғалы ақыны Төлеген Айбергенов", - дейді бір естелігінде Мұхтар Шаханов.
Мұхтар Шаханов 1961-65 жылдары Шымкент педагогикалық институтында білім алған. Оқуды бітірген соң "Оңтүстік Қазақстан" газетінде корректор (1960-65 жж.), "Лениншіл жас" газетінде (1965-70 жж.) оңтүстік өңірдегі меншікті тілші, отандық телевизия, радио, редакцияларда жұмыс істеді. 1976 жылдан Қазақ КСР министрлер кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы қызметін атқарды.
1986 жылы "Жалын" журналының бас редакторы қызметіне кірісті. 1988 жылы республикада тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал мен Балқаш мәселесі жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде қазаққа "ұлтшыл" деп айып таққан КОКП орталық комитеті саяси бюросының қаулысына қарсы бас көтерді. Мұхтар Шаханов "Наурыз" мерекесінің 62 жылдан кейін қайта салтанат құруына мұрындық болды.
1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ал 1991 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1992 жылы Олжас Сүлейменовпен бірлесіп, "Халық конгресі" партиясын құрды. 1993-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. 2004-2007 жылдары ҚР парламенті мәжілісінің депутаты болды.
Ақынның алғашқы өлеңі 1959 жылы жарияланды, ал "Бақыт" аталатын тұңғыш жыр жинағы 1966 жылы басылып шықты. Одан кейін 1968 жылы "Балладалар", 1970 жылы "Ай туып келеді", 1974 жылы "Қырандар төбеге қонбайды", 1976 жылы "Сенім патшалығы" кітаптары шықты.
Мұхтар Шаханов 60-тан аса елден 120-ға тарта сыйлық алған. 2002 жылы Эйнштейн атындағы алтын медаль берілді.
Өмірінің соңғы жылдары ақынға оңай соқпады. 2021 жылы оның ұлы Рауан кенеттен өмірден озды. Былтыр қарашада екінші ұлы Қуаныш Мұхтарұлы қайтыс болды.