Алматыда ауа сапасын жақсарту үшін автокөліктерден шығатын зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталған нақты қадамдар қолға алынбақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің қорытындысы бойынша қала әкімі Дархан Сатыбалды ескі, экологиялық класы төмен автокөліктерді сатып алып, оларды кәдеге жарататын арнайы компания құру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Ескі көліктерді кәдеге жарату ұсынылды
Жаңа бастама аясында автопаркті жаңартуға бағытталған еншілес ұйым құру жоспарланып отыр. Жоба «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының қатысуымен жүзеге асуы мүмкін.
Бұл компания тозығы жеткен көліктерді сатып алып, оларды утильдеуге жіберу арқылы қаладағы ескі автокөліктер санын азайтуды көздейді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам Алматыдағы ауа ластануының негізгі себептерінің бірі саналатын ескі көлік үлесін қысқартуға мүмкіндік береді.
Экокөлік алуға жеңілдетілген несие берілуі мүмкін
Жоба тек ескі көліктерден арылумен шектелмейді. Сонымен қатар экологиялық таза көліктерді сатып алуға жеңілдетілген несие, лизинг және Trade-In бағдарламаларын енгізу қарастырылып жатыр.
Бұл бастамаға жергілікті автокөлік өндірушілерін тарту жоспарланған.
Аталған шаралар жүзеге асса, қаладағы автопарк жаңарып, атмосфераға таралатын зиянды шығарындылар көлемін азайтуға мүмкіндік береді.