Солтүстік Корея 19 сәуірде таңертең бірнеше зымыран ұшырды. Жапония тарапы оларды алдын ала баллистикалық зымырандар деп бағалап отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жапонияның қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми Австралияға сапары барысында ұшыру шамамен жергілікті уақытпен таңғы сағат 06:00-де тіркелгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, зымырандар Жапонияның айрықша экономикалық аймағынан тыс жерге құлаған. Токиода олардың елдің экономикалық аймағына кіргені туралы дерек расталмағанын атап өтті.
КХДР зымыран ұшыруды жиілете бастады
Бұған дейін Оңтүстік Корея әскери күштері де КХДР шығыс бағытта бірнеше зымыран ұшырғанын хабарлаған. Қазіргі уақытта ұшыру параметрлері АҚШ және Жапониямен бірлесіп талданып жатыр.
Оңтүстік Кореяның мәліметінше, жексенбі күні Солтүстік Корея кемінде бір баллистикалық зымыранды шығыс бағытқа жіберген. Зымыранның ұшу қашықтығы мен басқа да сипаттамалары нақтыланып жатыр.
Айта кетсек, бұл сәуір айында Пхеньян ұшырып отырған алғашқы зымыран емес.. 8 сәуірде де Оңтүстік Корея тарапы КХДР бірнеше рет ұшыру жасағанын хабарлаған еді. Сол кезде зымырандардың бірі 700 шақырымнан астам қашықтыққа ұшқан.
Корей түбегіндегі жағдай әлі де шиеленісті күйінде қалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, кезекті ұшыру Сеул, Токио және олардың одақтастарының назарын тағы да КХДР-дың әскери белсенділігіне аударуы мүмкін.
Токио наразылық білдірді
Жапония үкіметі 19 сәуірдегі зымыран ұшыруына байланысты Пхеньянға ресми наразылық білдірді.
Токио бұл әрекетті ел қауіпсіздігіне, сондай-ақ өңірлік және халықаралық тұрақтылыққа қауіп ретінде бағалап отыр.
Сонымен қатар Жапония АҚШ пен Оңтүстік Кореямен бірлесіп, алдағы уақытта да үйлесімді жауап шараларын қабылдайтынын мәлімдеді.