Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Жетібай ауылында орналасқан «Жауқазын» балабақшасы төңірегінде жанжал туындады. Балалар арасындағы келіспеушілік бейнеленген видео әлеуметтік желілерде тарап, ата-аналардың алаңдаушылығын күшейтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ата-аналарының айтуынша, мекемеде агрессив мінез көрсететін бала бар. Ол түрлі топтарға еркін кіріп, басқа тәрбиеленушілерге тиісіп, қорқытады деген шағым айтылған.
Ата-аналар қауіпсіздік мәселесін көтерді
Кейбір ата-аналар баланың қатарластарына қысым көрсетіп, қауіпті зат ұстап жүргенін алға тартады.
«Бала кеңсе пышағын ұстап жүреді, қыздарды басынан ұрып, “Ұйықтамаңдар, әйтпесе бір жерлеріңді кесіп тастаймын!” деп қорқытады. Бұл масқара ңой!» - делінген жазбада.
Сондай-ақ әйел ол баланың балабақша директорының ұлы екенін айтып, ата-аналардың пікірінше, бұл қызметкерлердің әрекетіне әсер етуі мүмкін екенін алға тартады.
«Оның директордың баласы екені мен өз баламды ұрғызуға жол беремін дегенді білдірмейді. Біреудің көзін шығарып алса ше? Сонда кім жауап береді?» – деп наразы ата-аналар.
Ата-аналар барлық тәрбиеленушіге бірдей талап қойылып, балалардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілуі тиіс екенін талап етуде.
Шағымданушылардың бірі болған оқиғаны бейнежазбаға түсіріп, бақылау камераларының соңғы аптадағы жазбаларын сұратқанын жеткізді. Алайда мекеме аумағында түсіруге шектеу бар деген себеппен оған рұқсат берілмеген.
Учаскелік инспектор мұндай материалдарды тек ресми өтініш арқылы алуға болатынын түсіндірген.
Білім басқармасы пікір білдірді?
Өңірлік білім басқармасы бұл жағдайдан хабардар екенін растады.
Мәліметке сәйкес, 20 сәуірден бастап қызметтік тексеріс жүргізіледі. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылып, ұсынылған материалдар мен барлық мән-жай жан-жақты қаралады.
Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылданатыны айтылды.