Киев қаласының Голосеев ауданында сенбі күні белгісіз ер адам адамдарға оқ жаудырып, салдарынан алты адам қаза тапты. Қарулы шабуыл жасаған күдікті ұсталу кезінде көз жұмды. Құқық қорғау органдары ол бекініп алған супермаркетке арнайы операция жүргізген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
BBC жазуынша, алғашында билік бес адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Кейін ауыр жараланған тағы бір әйел ауруханада көз жұмып, құрбандар саны алтыға жетті.
Сонымен қатар зардап шеккендер саны да артқан. Қазір 14 адамның түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілгені айтылды. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Төрт адам кепілден босатылды.
Оқиға «террористік акт» ретінде тіркелді
Украинаның Қауіпсіздік қызметі бұл оқиғаны «террористік акт» ретінде тергеп жатқанын мәлімдеді.
Қала әкімі Виталий Кличко әлеуметтік желіде жараланғандардың арасында бала бар екенін жазды. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері баланы ауруханаға жеткізіп, ересек зардап шеккендерге де көмек көрсетіп жатыр.
Полиция мәліметінше, арнайы жасақтар күдікті бекінген дүкенге шабуыл жасаған. Ол адамдарды кепілге алып, ұсталу кезінде полицейлерге оқ атқан. Бұған дейін келіссөз жүргізушілер онымен байланыс орнатуға тырысқан.
Күдікті алдымен көшеде өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырып, кейін супермаркетке кіріп, адамдарды кепілге алған.
Зеленский көңіл айтты
Украина бас прокуроры Руслан Кравченко шабуыл жасаған адамның 58 жастағы Мәскеуде туған азамат екенін айтты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол автоматты қару қолданған. Сонымен қатар күдікті тіркелген пәтерде өрт шыққаны хабарланды.
Украина президенті Владимир Зеленский төрт кепілдің құтқарылғанын мәлімдеп, қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Қазіргі таңда оқиғаны Ұлттық полиция мен Қауіпсіздік қызметінің тергеушілері бірлесіп зерттеп жатыр.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, азаматтық тұлғаларды ату және адамдарды кепілге алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиға террористік акт ретінде қаралуда.