Денсаулық сақтау министрлігі Қарағанды облысында баланың қайтыс болуына байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
17 сәуірде әлеуметтік желіде Қарағандыдағы инфекциялық ауруханада бір жасар қыздың қайтыс болуына байланысты анасының жасаған мәлімдемесі тараған болатын. Ол денсаулық сақтау саласы басшыларынан ЭКМО аппараттарын сатып алуды сұрады.
Әйелдің айтуынша, бұл құрылғы өкпеге түсетін жүктемені азайтып, ұзақ уақыт ИВЛ қолданудың зиянын төмендетер еді.
Сондай-ақ ол қызына пульмонолог дәрігердің жеткілікті деңгейде қарамағанын айтып, тек онлайн кеңестермен шектелгеніне наразылық білдірді. Анасы баласының өлімі өкпе патологиясымен байланысты болуы мүмкін деп есептейді.
Аурудың себебі аталды
Ресми мәліметке сәйкес, науқас ауру басталғаннан кейінгі екінші күні инфекциялық орталыққа жатқызылған. Жағдайы күрт нашарлап, кейін жансақтау бөліміне ауыстырылған.
“Тексеру барысында балада бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ инфекциялары қатар жүргені анықталған.
Сонымен қатар иммун тапшылығы болғаны және туғалы бері вакцина алмағаны жағдайды күрделендірген”, – делінген ДСМ хабарламасында.
Аталған факторлар ағзаның инфекцияға қарсы тұру қабілетін әлсіретіп, емнің тиімділігіне кері әсер еткен.
Министрлік асығыс қорытынды жасамауға шақырды
Дәрігерлердің айтуынша, медициналық көмек толық көлемде, барлық клиникалық хаттамаларға сай көрсетілген.
Емдеу процесіне республикалық деңгейдегі мамандар қатысып, бірнеше рет консилиум өткізілген. Тіпті ЭКМО әдісін қолдану мүмкіндігі де қаралған, алайда медициналық көрсеткіштерге байланысты ол тәсіл ұсынылмаған.
Қабылданған барлық шараға қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
Министрлік бұл жағдайдың аса күрделі медициналық сипатқа ие екенін атап өтті.
Қазір аталған дерек бойынша тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты тексеру жүргізіледі.
Ведомство БАҚ өкілдері мен қоғамды тек ресми ақпаратқа сүйеніп, расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.