homepage
Видеодан кадр

Жарты миллионға жуық қазақстандық әйел артық жұмыс істейді

18.04.2026, 17:19

Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтардың едәуір бөлігі белгіленген 40 сағаттан артық еңбек етеді. Бұл үрдіс жылдар бойы сақталып келеді және тек өмір сапасына емес, денсаулық пен жалпы экономикалық тиімділікке де кері әсерін тигізуі мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қанша адам нормадан көп жұмыс істейді?

Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес, аптасына 40 сағат жұмыс істеу лайықты еңбек стандарты болып саналады.

Алайда Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, 2025 жылы Қазақстанда 1,3 млн-нан астам адам осы нормадан артық жұмыс істеген.

Олардың басым бөлігі, шамамен 1,2 млн адам аптасына 41-49 сағат аралығында еңбек етеді. Бұл жұмыс күні 9 сағатқа дейін созылуы мүмкін деген сөз. Бір жыл ішінде мұндай қызметкерлер саны 5,5%-ға артқан.

Ал аптасына 50 сағаттан асатын «шектен тыс» жұмыс істейтіндердің саны, керісінше, азайған. Бұл еңбек жүктемесінің біршама жеңілірек болғанын, дегенмен нормативтен жоғары деңгейге ауысқанын көрсетеді.

Әйелдерге түсетін жүктеме артып барады

Жалпы алғанда, 40 сағаттан артық жұмыс істейтіндердің үлесі аздап төмендегенімен, гендерлік тұрғыдан айырмашылық айқын байқалады.

Energyprom.kz жазуынша, 2025 жылдың үшінші тоқсанында артық жұмыс істейтін ерлер саны 871 мыңнан асса, әйелдер саны 468 мыңға жуықтаған. Дегенмен әйелдер арасында бұл көрсеткіш бір жылда 6,4%-ға өссе, ерлерде керісінше 3,4%-ға азайған.

Әсіресе аптасына 41-49 сағат жұмыс істейтін әйелдер саны айтарлықтай көбейіп, 444,6 мың адамға жеткен.

“Жалпы алғанда, жұмысбасты әйелдердің 10,4%-ы шамадан тыс еңбек етеді”, – дейді сарапшылар.

Сарапшылар мұны бірнеше фактормен байланыстырады. Ең алдымен, жұмыс берушілердің талаптары әсер етеді.

Мәселен, былтыр 297 мыңнан астам әйел басшылықтың тапсырмасымен артық жұмыс істеген.

Екіншіден, табысын арттыру ниеті де маңызды рөл атқарады: 108 мыңнан астам әйел қосымша табыс үшін саналы түрде артық жұмысқа барған.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны артты

Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдер саны да артқан. Бұл қызмет көрсету, шағын бизнес және фриланс сияқты салаларда еңбек жүктемесінің көбейгенін аңғартады.

Ал ерлер арасында жалдамалы жұмысшылардың артық жұмыс істеуі азайғанымен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында керісінше өсім байқалады.

Жалпы алғанда, Қазақстанда еңбек жүктемесінің құрылымы өзгеріп келеді. Әйелдерге түсетін салмақ артып бара жатса, ерлерде бұл көрсеткіш біршама теңесіп келеді.