homepage
Электрондық сауда порталы және 01pk Instagram парақшасы

Меморгандар дерегі сәйкеспейді: Перизат Қайраттың қымбат көлігі қайда кетті

18.04.2026, 14:27

Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша тәркіленген қымбат автокөліктің қайда екені жөнінде мемлекеттік органдардың мәліметтері бір-біріне сәйкес келмей отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Деректер неге сәйкес келмейді?

Informburo агенттігінің хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі құны 79 млн теңгеден асатын Lexus LX 600 көлігінің ведомствоның балансында жоқ екенін мәлімдеген. 

Жол талғамайтын аталған көліктің саудасы 2025 жылдың қараша айында өткен болатын. Мемлекеттік нөмірі – 100PKO01. Көлік Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның ағасының атына тіркелген. Бағалау құны – 79 121 985 теңге. 

Алайда бұған дейін, 2026 жылдың сәуірінде Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бұл көлік 2025 жылдың 1 желтоқсанында Қаржылық мониторинг агенттігінің балансына берілгенін хабарлаған еді.

Ал агенттік бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Ресми жауапта мекеменің автопаркі арнайы көліктерден тұратыны, ал аталған Lexus олардың теңгерімінде жоқ екені көрсетілген.

«Агенттіктің автопаркі түрлі мақсаттағы арнайы көлік құралдарынан тұрады. Қазіргі уақытта агенттік аталған автокөлік құралының баланста ұстаушысы емес», – делінген ресми жауапта.

Перизат Қайраттың тағы қандай көліктері сатылған еді?

7 сәуір күні тағы екі автокөлік – Mercedes-Benz S450 мен Haval H6 GT сатылымға шығарылып, олардың жеңімпазы ретінде Астана қалалық полиция департаменті анықталған.

Еске салайық, Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылып, «Шапағат» мемлекеттік наградасынан айырылды. Оның анасы Ғайни Алашбаева қызына көмектескені үшін 7 жылға сотталды.

Сот шешімімен олардан 50 жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 1 млрд 582 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіріледі.

Сонымен қатар әрқайсысы 22 млн теңге мемлекеттік баж және 698 мың теңгеден сот шығындарын өтеуге міндеттелді.