homepage
BILD

Мектеп оқушысы кездейсоқ тапқан көне тиын бірегей жәдігер болып танылды

18.04.2026, 10:51

Германияның Берлин қаласындағы Шпандау ауданында 13 жастағы мектеп оқушысы серуендеп жүріп, ерекше археологиялық олжаға тап болған. Мамандардың бағалауынша, бұл олжа қала тарихындағы бірегей жәдігерлердің бірі болуы мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Көне Троядан жеткен тиын

BILD хабарлауынша, табылған бұйым б.з.д. III ғасырға жататын эллинистік кезеңнің қола тиыны болып шықты. Ол ежелгі Илион қаласында, яғни қазіргі Түркияның солтүстік-батысындағы антикалық Троя аумағында б.з.д. 281–261 жылдары соғылған.

Тиынның бір бетінде коринфтік дулыға киген Афина құдайының бейнесі, ал екінші жағында найза мен ұршық ұстаған бейнесі бейнеленген. Тиынның салмағы шамамен 7 грамм, диаметрі небәрі 12 миллиметр.

Археологтардың айтуынша, мұндай грек тиыны бұған дейін Берлин аумағынан табылмаған. Сондықтан бұл жаңалық ғылыми тұрғыда ерекше маңызға ие.

Тиын Берлинге қалай жеткен?

Ғалымдар үшін ең үлкен сұрақ – антикалық дәуірге жататын бұл тиынның Орталық Еуропаның солтүстігіне қалай келгені. Әзірге бұл жайт нақты анықталған жоқ.

Белгілісі, тиын табылған аумақ бұрын қола және ерте темір дәуіріне жататын қорым ретінде пайдаланылған. Бұған дейін бұл жерден керамика сынықтары, кремация қалдықтары, қола түйме, Рим дәуіріне тән заттар да табылған.

Зерттеушілердің болжамынша, тиын бұл өңірде күнделікті қолданыста болмаған, керісінше символдық мәні бар зат ретінде алыс аймақтардан жеткізілген болуы мүмкін. Бұл көне сауда немесе мәдени байланыстардың әлі толық зерттелмеген күрделі желісі барын меңзейді.