homepage
Juzmedia.kz

Бейтаныс адам ақша аударып, кері қайтаруды сұрады - заңгер кеңесі

18.04.2026, 10:09

Қазақстанда кейде азаматтардың шотына белгісіз адамдардан ақша түсіп, кейін оны қайтаруды сұрайтын жағдайлар кездеседі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Diapazon басылымының жазуынша, сондай оқиғаға тап болған тұрғынның бірі өз мәселесін заңгерге жолдаған.

Оның айтуынша, 6 наурызда банк шотына өзге банк арқылы 120 000 теңге түскен. Аударым жасаған адам белгісіз, ал банк жіберуші туралы ақпарат бермеген. Біраз уақыттан кейін оған SMS-хабарламалар келіп, кейін WhatsApp арқылы хабарласып, ақшаны басқа картаға қайтаруды сұраған. Алайда ол мұндай жағдайда алаяқтыққа немесе «дропперге» айналып кетем бе деп алаңдайды.

Тұрғын банкке жүгінгенімен, жауап екі аптадан кейін ғана берілмек.

Заңгер не дейді?

Заңгер Алена Дуля мұндай жағдайда сақ болуға кеңес береді.

Оның айтуынша, бейтаныс адамдар көрсеткен картаға ақша аудару мүлде ұсынылмайды, себебі бұл әрекет адамды құқықбұзушылыққа қатысушы етуі мүмкін.

Сонымен қатар егер бұл шынымен қателікпен жасалған аударым болса, жіберуші банк арқылы транзакцияны қайтаруға әрекет етуі тиіс еді. Алайда мұндай қадам жасалмағаны күмән тудырады.

Не істеу керек?

Маманның айтуынша, ең дұрыс шешім – банктің ресми жауабын күту.

Егер заңбұзушылық болмаса, ақша жіберген адам да банкке жүгінеді. Ал егер ол ешқайда хабарласпаса және сотқа жүгінбесе, қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ.

Яғни, мұндай жағдайда асығыс шешім қабылдамай, тек ресми арналар арқылы әрекет ету маңызды.