homepage
Видеодан кадр

Ақтөбе облысында жоғалған 10 жастағы баланың денесі табылды

17.04.2026, 16:18

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында бірнеше күнге созылған ауқымды іздестіру жұмыстары қайғылы аяқталды. Құтқарушылар Ілек өзенінен 2016 жылы туған баланың мәйітін тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Оқиғаның мән-жайы

29 наурыз күні түскі уақытта 10 жастағы Мансұр Саматов Сарыжар ауылындағы үйінен достарымен ойнауға шығып, қайтып оралмаған.

Кейін анықталғандай, балалар ауылдан 5 шақырым жердегі Ілек өзеніне барған.

Су жағасында ойнап жүріп, Мансұр абайсызда аяғы тайып, суға құлап кеткен

Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді

Оқиғадан кейін өңірде ауқымды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іздеуге төтенше жағдайлар қызметі, полиция, әскери қызметкерлер, жергілікті билік өкілдері, еріктілер мен ауыл тұрғындары жұмылдырылды.

Облыстық ТЖД өкілдері алғашқы сағаттардан бастап іздеу жұмыстарына авиация тартып, үлкен аумақтар тексерілді.

Күн сайын сүңгуірлер 30-35 шақырымға дейінгі өзен аумағын қараса, қайықпен тағы 30 шақырымға жуық су беті бақылауға алынды.

Жаяу топтар жағалау бойымен ондаған шақырымды шолып шыққан. Сонымен қатар дрондар мен эхолот құрылғылары қолданылды.

Құтқару жұмыстарына Ілек өзенінің табиғи ерекшеліктері қиындық тудырғае: өзен ағысы қатты, арнасы ирек, өсімдіктері қалың, ал суы лайлы болғандықтан көріну деңгейі төмен болған.

Құтқарушылар баланың денесін бүгін, 17 сәуірде жағалаудан небәрі 3 метр қашықтықта, шамамен 1,5 метр тереңдіктен тауып алды.

Мамандар ескертуі

Мамандар су айдындары маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау, оларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру және жабдықталмаған жерлерде ойнауына жол бермеу қажет екені ескертілді.

Бұл жағдай балалардың қауіпсіздігіне бей-жай қараудың орны толмас өкінішке әкеп соғатынын тағы бір мәрте еске салды.