homepage

Қаралы күн жарияланды: Черногорияда атыс болып, 12 адам қаза тапты

Juzmedia. kz
02.01.2025, 15:45

Черногориядағы Цетине қаласының маңында 1 қаңтарда ер адам жергілікті кафеде, артынша көшеде оқ жаудырған. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кемінде 12 адам қаза тапты, оның екеуі бала. Оқиғадан тағы бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ОҚ АТҚАН АДАМНЫҢ ӨЗІ ДЕ КӨЗ ЖҰМДЫ

Оқиға 1 қаңтарда түстен кейін кафедегі төбелестен басталған. 45 жастағы ер адам клиенттер мен өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырып, артынша қашып кеткен. Зардап шеккендердің арасында мекеме иесі мен оның балалары да бар. Оқтан көз жұмғандар арасында шабуыл жасаған адамның туыстары да болған.

Полицейлердің айтуынша, қайғылы оқиғаға қылмыстық төбелес емес, тұрмыстық жанжал себеп болған.

«Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында күдікті ер адам анықталды. Ол бастапқыда оқиға орнынан қашып кетпек болғанымен, кейін үйінің сыртында өз-өзіне қол жұмсамақ болған жерінен ұсталды. Ол алған жарақатынан ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды», - делінген RTCG телеарнасының хабарламасында.

ҚҰРБАНДАР АРАСЫНДА КҮДІКТІНІҢ АТА-АНАСЫ ДА БОЛҒАН

Елдің ІІМ басшысының мәліметінше, ер адамның қолынан қаза тапқандар арасында оның ата-анасы да болған. Ал жарақат алғандар саны – 4, олардың екеуі ауыр дене жарақатынан жансақтау бөліміне жеткізілген.

Черногория үкіметі қаңтардың 2, 3 және 4 күндерін қаралы күн деп жариялады. Премьер-министр Милойко Спачич оқиғаны жан түршігерлік трагедия деп атап, қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.