Енді әскерге шақыру қағазын елемей, Отан алдындағы борышын өтеуден қасақана бас тартқан азаматтар үшін жаза қатаңдатылды. Заң бойынша, тиісті негізсіз медициналық тексеруден өтпегені немесе әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік айыппұлдан бастап, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Айыппұл көлемі 3 мың АЕК-ке дейін жетеді
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында Қалалық әскери қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Ержан Рымбек шақырту қағазын елемейтін азаматтарға қатысты заң талаптарын түсіндірді.
«Шақырту қағазын елемей, медициналық тексеруден өтуден бас тартудың соңы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Әдейі жалтарған жағдайда айыппұл 3000 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деді ол.
Сондай-ақ жұмыс берушілер де назардан тыс қалмайды. Мекеме басшылары әскер жасындағы қызметкерлердің комиссияға келуіне жағдай жасап, олар туралы мәліметтерді уақытылы ұсынуға міндетті. Егер бұл деректер жасырылса немесе кешіктірілсе, жұмыс берушіге 10-нан 40 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
«Ақ билет» пен делдалдар жазасы
Қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Жақсылық Айтбаев әскерге баруды кейінге қалдыру немесе босату мәселесін «бейресми» жолмен шешпек болғандарға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, заңсыз диагноз қойдыру немесе жалған құжат жасату – қылмыс.
«Әскери қызметті кейінге қалдыруды, міндетінен босатуды заң бойынша шақыру комиссиясы ғана шешеді. Оған делдал керек емес. Жалған дәрігерлік анықтама алып, ауру деген диагноз қойып, әскери қызметтен жалтарудың басқа да заңсыз жолын ойлап табу делдалға да, әскерге шақырылған адамға да қылмыстық жауапкершілік жүктейді», – деп ескертті полковник.
Департамент басшысы барлық мәселелер заң шеңберінде және ашық түрде шешілетінін атап өтті. Қазіргі таңда әскери қызметке қатысты көптеген қызмет «электрондық үкімет» порталы арқылы қолжетімді.
Спикерлер азаматтарды күмәнді «көмекшілердің» қызметіне жүгінбеуге шақырды. Заңды негізсіз әскерден жалтару тек айыппұлмен ғана шектелмей, еңбекпен түзеу жұмыстарына немесе бас бостандығын шектеуге әкеп соғуы мүмкін.
Қорғаныс органдары азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтап, Отан алдындағы борышына жауапкершілікпен қарауға үндеді.