homepage
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

ҰБТ тағы өзгермек

17.04.2026, 14:27

Қазақстанда ҰБТ тағы өзгермек.  Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

ҰБТ форматы қалай өзгереді?

Министрдің айтуынша, қазіргі қолданыстағы ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпей отыр. Сондықтан алдағы уақытта тестілеудің маңызын арттыру көзделген.

«ҰБТ-ны тұтастай жаңғыртып, оны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажет. Бұл грант конкурсына қатысу үшін объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар білім деңгейін өзін-өзі бағалау және дайындық әдістерін уақытылы түзету үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы «шартты түрде қабылдау» жүйесінен бас тарту жоспарлануда. Себебі мұндай студенттердің 60 пайызына жуығы оқу жылы ішінде төменгі шекті балды жинай алмайтыны анықталған.

Болашақ мұғалімдер үшін ауызша емтихан енгізіледі

Атап айтарлықтай өзгерістер педагогикалық бағыттағы оқу орындарына қатысты болмақ. Келесі жылдан бастап мұғалім болғысы келетін талапкерлер тек тест тапсырып қана қоймай, ауызша сынақтан өтеді.

«Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Өйткені "педагог" – жай ғана мамандық емес. Бұл – балалармен жұмыс істейтін, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлға», – деп атап өтті вице-премьер.

Бұл мақсатта халықаралық сарапшылармен бірлесіп «Admissions Insight Test» атты жаңа тапсырмалар жинағы әзірленіп жатыр. Ол талапкердің тек пәндік білімін емес, оның психологиялық дайындығы мен ойлау деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Тестілеуді жетілдіру

Аида Балаева бұл өзгерістердің тестілеуден толық бас тарту емес, керісінше, оны жетілдіру екенін қадап айтты. Оның пайымдауынша, бұл қадамдар экономиканың сұранысына жауап беретін нақты мамандарды даярлауға бағытталған.

«ҰБТ жүйесін өзгерту – тестілеуден бас тарту емес. Бұл – дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам.

Ұсынылып отырған өзгерістер білім беру сапасын арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз болады деп сенемін», — деп түйіндеді сөзін министр.