homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда көлік көбейді

17.04.2026, 10:23

2026 жылдың наурыз айында Қазақстанда 170 мың автокөлік тіркеуге қойылды. Оның басым бөлігі қайта тіркелген көліктерге тиесілі, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, қайта тіркелген автокөліктердің 63%-ы 10 жылдан асқан.

Ал 3 жылға дейінгі жаңа көліктердің үлесі небәрі 24%-ды құрайды.

2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі жалпы автокөлік саны 5,9 миллионнан асты. Бұл көрсеткіш автопарк көлемінің тұрақты өсіп жатқанын аңғартады.

Бензинді көліктер басым, электромобильдер аз

Қазақстандағы көліктердің басым бөлігі – жеңіл автокөліктер (83,9%). Бұдан кейін жүк көліктері (8,2%), тіркемелер (4,4%), автобустар (1,5%) және мотоциклдер (1,2%) келеді.

Отын түріне келсек, көліктердің 80%-ы бензинмен жүреді. Дизель отынын пайдаланатындар – 7,6%, аралас отын – 6,6%, ал газбен жүретін көліктердің үлесі небәрі 0,4%.

Электромобильдер саны 31 мыңнан сәл асады, бұл жалпы автопарктің шамамен 0,5%-ы ғана.

Қозғалтқыш көлемі бойынша ең көп таралғаны – 1500-2000 текше сантиметр аралығындағы көліктер (35,6%).

Өңірлер арасында автокөлік саны бойынша Алматы көш бастап тұр – 723,5 мың көлік. Одан кейін Алматы облысы (642,7 мың) және Астана (452,1 мың) орналасқан.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы автопарк өсіп келе жатқанымен, көліктердің едәуір бөлігі ескі екені байқалады.