Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында берілетін дәрі-дәрмектің заңсыз сатылу фактілері анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тегін берілетін дәрілер дәріханаларда сатылған
Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттардың айналымын таңбалау жүйесі арқылы талдау жүргізген.
Тексеру нәтижесінде ел бойынша 4 114 түрлі препараттың дәріханаларда сатылғаны белгілі болды.
Тексеру барысында кейбір дәрілердің медициналық ұйымдар арқылы науқастарға тегін берілудің орнына, дәріхана желілеріне түсіп кеткені анықталған.
Заңсыз айналымда болған дәрілердің қатарында натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері, антибиотиктер және созылмалы ауруларға арналған препараттар бар.
Мыңдаған заңбұзушылық тіркелді
Жалпы 74 нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның 31-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
“Айыппұлдың жалпы сомасы 12,3 млн теңгені құрады. Тағы 43 ұйымға заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді”, – делінген ДСМ хабарламада.
Сонымен қатар таңбалау жүйесінде де көптеген заңбұзушылық анықталған. 35 мыңнан астам кодты қайта шығару фактісі тіркелген, бір кодты әртүрлі қатысушы 480 мыңнан астам рет пайдаланған.
Аталған фактілер бойынша материалдар Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолданды. Қазіргі уақытта қосымша тексерулер жүргізіліп жатыр.