homepage
Depositphotos.com

Ең төменгі ақы енгізу ұсынылды: курьерлер мен такси жүргізушілерінің құқығы қалай қорғалмақ

16.04.2026, 14:34

Қазақстанда цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі көтерілді. Бұл бастаманы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай көтеріп, онлайн қызметтер арқылы табыс табатын адамдардың еңбек жағдайын реттеу қажеттігін атап өтті,  деп хабарлайды Juzmedia.kz

Цифрлық жұмыстағы тәуекелдер мен қорғау тетіктері

Депутаттың айтуынша, елімізде курьерлік қызмет пен жолаушы тасымалы сияқты салаларда онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтіндердің саны артып келеді. Сарапшылардың дерегіне сәйкес, мұндай жолмен шамамен 394 мың адам табыс табады.

Алайда бұл азаматтарда еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктер жеткіліксіз. Табыс тұрақсыз, сақтандыру жүйесі толық қамтылмаған, ал платформалармен даулы жағдайларды шешу тәртібі әрдайым ашық емес.

Сенатор халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бұл саланы жүйелі түрде реттеу қажет екенін айтты.

«Цифрлық және салық жүйесін ретке келтіріп, мемлекеттік деректер базалары мен платформалардың жұмысын үйлестіру керек.

Сонымен қатар техникалық қателіктерден туындайтын негізсіз қарыздар мен айыппұлдарды автоматты түрде түзету тетігін енгізу маңызды. Әлеуметтік төлемдерді есептегенде жұмысшылардың жанармай мен жөндеу сияқты шығындары да ескерілуі тиіс», – деді депутат.

Жаңа талаптар мен ұсыныстар

Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, бұл шаралар еңбек нарығын ашық етіп, азаматтардың құқықтарын қорғауға және платформалық экономиканы дамытуға ықпал етеді.

Сонымен қатар ол бірқатар нақты ұсыныстарды алға тартты:

  • платформалық жұмыспен қамту туралы жеке заң қабылдап, «тәуелсіз жұмысшы» мәртебесін бекіту;
  • сағаттық ең төменгі жалақы стандартын енгізу;
  • платформа есебінен міндетті ұжымдық сақтандыру жүйесін құру (ЖКО және жарақат жағдайлары үшін);
  • тапсырыстарды бөлу қағидаттарын ашық көрсетуге міндеттеу;
  • аккаунт бұғаттау шешімдерін адам қатысуымен қайта қарау және арбитраж тетігін енгізу.

Депутаттың айтуынша, мұндай қадамдар цифрлық еңбек нарығын әділ әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.