Қазақстанда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту аясында су есептегіш құралдарына қатысты жаңа техникалық талаптар күшіне енді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен өзгерістер «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға бағытталған.
Негізгі мақсат – су есебін толық цифрландыру және коммуналдық қызметтерді автоматтандыру.
Су есебін цифрландыру қалай жүргізіледі?
Жаңа талаптарға сәйкес, елімізде су есептегіштің деректерін қашықтан жинау жүйесіне көшу көзделіп отыр. Бұл үшін NB-IoT (Narrowband Internet of Things) және LoRaWAN (Long Range Wide Area Network) технологиялары базалық стандарт ретінде бекітілді. Аталған жүйелер ұялы байланыс операторларының лицензияланған желілері арқылы жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, бұл шешім деректер қауіпсіздігін арттырып, бүкіл республика бойынша бірыңғай цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа жүйе «Smart Turmys» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай цифрлық платформасымен үйлесімді болады.
Жаңа есептегіштерге қойылатын талаптар
Енді орнатылатын барлық жаңа су есептегіштер деректерді автоматты түрде ақпараттық-өлшеу жүйесіне және энергия тұтынуды автоматтандырылған есепке алу жүйесіне жіберуі тиіс. Сондай-ақ олар криптографиялық қорғаумен қамтамасыз етіліп, APN арқылы қолжетімділігі шектеледі және байланыс арналары резервтеледі.
Жаңа құрылғылар «Smart Turmys» платформасымен екіжақты байланыс орнатып, деректерді нақты уақыт режимінде жіберіп отырады.
Сонымен қатар кіреберістерге орнатылатын есептегіштер автоматты жабу клапандарымен жабдықталуы мүмкін, алайда бұл функция тек уәкілетті қызметкерлер арқылы заңнамаға сәйкес қолданылады.
Есептегішті қашан ауыстыру керек?
Азаматтардан қолданыстағы есептегіштерді жаппай ауыстыру талап етілмейді. Бұрын орнатылған құрылғылар өз мерзімі аяқталғанға дейін пайдаланыла береді.
Жаңа талаптар тек жаңа орнату немесе істен шыққан құрылғыларды ауыстыру кезінде қолданылады. Ал өндірушілерге кемінде 5 жылдық кепілдік беру міндеті жүктеледі.
Жаңа тәртіп 2026 жылғы 27 наурыздан бастап күшіне енді. Жоба 2025–2029 жылдарға арналған ұлттық жоспар аясында жүзеге асырылып, коммуналдық инфрақұрылымды заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.