homepage
Аlmaty.tv

Қазақстанда мүлік салығы енді жаңа тәртіппен есептелмек

16.04.2026, 12:37

Қазақстанда 2027 жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеу тәртібі өзгереді. Бұл өзгерістер жаңартылған Салық кодексінде қарастырылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz

LS агенттігінің жазуынша, енді негізгі назар азаматтарға тиесілі барлық жылжымайтын мүліктің жиынтық құнына аударылады. 

Салық қалай есептеледі?

Жаңа ережеге сәйкес екі түрлі тәсіл қолданылады:

  • Егер азаматтың барлық мүлкінің жалпы құны 450 млн теңгеден аспаса, салық әрбір нысан бойынша (пәтер, үй және т.б.) жеке есептеледі;
  • Ал жалпы құны 450 млн теңгеден асса, салық барлық мүліктің жиынтық құны негізінде есептеледі.

Сонымен қатар тұрғын үйге қатысты барлық нысандар – саяжай, шаруашылық құрылыстар, көпқабатты үйлердегі қоймалар, жертөле қабаттары мен гараждар бойынша салықты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы есептейді.

Егер мүлік құны белгіленген шектен асса, онда салық мөлшерлемесі жоғарылайды: 2 946 600 теңге және одан асатын соманың 2%-ы қосымша алынады.

Сән-салтанат салығы сақтала ма?

Жаңа жүйеде «сән-салтанат салығы» да сақталады.

Оның базалық коэффициенті өзгермейді, алайда жергілікті мәслихаттар оны 50%-ға дейін арттыру құқығына ие болады.

Бұл шешімдер жыл сайын 1 желтоқсанға дейін қабылданып, келесі жылдан бастап күшіне енеді.