homepage
Depositphotos.com

Бас прокуратура: iPhone қолданушыларына алаяқтық схема тарала бастады

16.04.2026, 11:57

Бас прокуратура интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерту жасады. Бұл жолы алаяқтар бұлттық сервистерді пайдаланушыларды, әсіресе iPhone иелерін нысанаға алған, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ведомство мәліметіне сәйкес, зиянкестер iCloud қоймасы толып кеткені туралы жалған SMS, электрондық хаттар мен хабарламаларды жаппай таратып жатыр.

Хабарламаларда аккаунт бұғатталатыны және деректер жойылуы мүмкін екені айтылып, қолданушыларды шұғыл әрекет жасауға итермелейді.

Деректерді қалай ұрлайды?

Алаяқтар жіберген хабарламалар ресми сервистердің ескертуіне өте ұқсас болып келеді. Бұл пайдаланушылардың сенімін арттырады.

Хабарламадағы сілтемеге өткен жағдайда қолданушы жалған сайтқа түседі. Онда логин, құпия сөз және банк деректерін енгізген сәтте барлық ақпарат киберқылмыскерлердің қолына өтеді.

Мұндай тәсіл тек iCloud емес, Google Drive, Яндекс Диск, Mail.ru сияқты басқа да бұлттық сервистер атынан жасалуы мүмкін.

Алаяқтардан қорғану жолдары қандай?

Бас прокуратура азаматтарға мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:

  • күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу;
  • бұлттық қойма жағдайын тек ресми қосымша немесе сайт арқылы тексеру;
  • бөгде сайттарда жеке деректерді енгізбеу;
  • екі факторлы аутентификацияны қосу;
  • әр сервис үшін күрделі әрі бірегей пароль қолдану;
  • аккаунт бұзылды деген күдік болса, дереу парольді ауыстыру.

Ведомство кез келген «шұғыл» хабарламаға сенбей, ақпаратты тек ресми көздер арқылы тексеруге шақырды.