homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда неке саны артып, сақина бағасы да қымбаттаған

15.04.2026, 17:22

Бүгін, яғни 15 сәуірде Қазақстанда махаббат, адалдық пен шынайы сезімдердің символына айналған Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні атап өтіліп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Үш айда 21 мыңнан астам неке тіркелді

Статистикаға сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында елімізде 21 351 неке тіркелген.

Үйлену тойларының саны бойынша Алматы, Астана, Түркістан облысы, Шымкент және Қарағанды облысы көш бастап тұр.

“Бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың уақыт пен түрлі жағдайға қарамастан, отбасын құруға және махаббатқа сенуді жалғастырып отырғанын көрсетеді”, – дейді “Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясының хабарламасында.

Неке жүзіктері қымбаттап жатыр

Сонымен қатар елде неке сақиналарының бағасы айтарлықтай өскен. Наурыз айының қорытындысы бойынша алтын сақиналар бір айда 5,5%-ға, ал бір жылда 45%-ға қымбаттаған.

Өңірлер арасында ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркелді – 71%. Ал ең төменгі қымбаттау Маңғыстау облысында байқалған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы ретте зергерлік бұйымдар өндірісі де артып келеді. 2025 жылы бұл сала 7,7%-ға өсіп, жалпы көлемі 2,7 млрд теңгеге жеткен.