homepage
Видеодан кадр

Өрттен қаза тапқан балалардың анасының жағдайы қалай?

15.04.2026, 16:46

Астанадағы «Коркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өрттен кейін жансақтау бөліміне жеткізілген әйелдің жағдайы ауыр күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас әлі жансақтау бөлімінде жатыр.

Дәрігерлер оның жағдайы өзгеріссіз, ауыр екенін айтты.

“Қазіргі уақытта ол анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде дәрігерлердің бақылауында жатыр, әлі есін жиған жоқ”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астанадағы «Коркем-3» тұрғын үй кешенінде өрт шығып, үш бала қаза тапқан еді. Өрт 21 қабатты үйдің 15-қабатындағы пәтерде тұтанып, жалын тез таралған.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі жеткенімен, куәгерлердің айтуынша, өрт сөндіру көліктерінің қозғалысына жолда тұрған Hyundai Santa Fe автокөлігі кедергі келтірген. Көлік иесін шамамен 20 минут күтуге тура келген.

Құтқарушылар өртті сөндіру барысында 13, 8 және 2 жастағы үш баланың мәйітін тапқан. Ал олардың анасы ауыр күйде ауруханаға жеткізілді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, көлік жүргізушісі 43 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. 14 сәуірде Астанада қаза тапқан балалармен қоштасу рәсімі өтті.