Қазақстанда цифрландыру туралы жиі айтылғанымен, қашықтан жұмыс істеу форматы әлі де кең тарала қойған жоқ. Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, елімізде небәрі 44,2 мың адам ғана қашықтан жұмыс істейді екен. Бұл – жалпы жұмыспен қамтылғандардың шамамен 0,5%-ы ғана, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Finprom зерттеуінде айтылғандай, соңғы жылдары бұл көрсеткіш біртіндеп өсіп келеді. Мысалы, 2023 жылы қашықтан жұмыс істейтіндер саны 42,5 мың болса, 2025 жылы 4%-ға артқан. Алайда жалпы еңбек нарығындағы үлесі айтарлықтай өзгермей отыр.
Қашықтан жұмыс істейтіндер кімдер?
Қашықтан жұмыс істейтіндердің басым бөлігі – әйелдер. Былтыр 25,1 мың әйел қашықтан жұмыс істесе, мұндай форматта жұмыс істеген еркектер саны – 19,1 мың болған. Сондай-ақ қашықтан жұмыс істеуге негізінен қала халқы машықтанған. 2025 жылы қалаларда 28,2 мың адам жұмыс істесе, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 16 мыңды ғана көрсеткен. Бұл цифрлық инфрақұрылым мен жұмыс мүмкіндіктерінің тең бөлінбегенін аңғартса керек.
Өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында (8,2 мың адам), Астанада (8,1 мың) және Алматы облысында (6,4 мың) тіркелген.
Сарапшылардың айтуынша, әлемде қашықтан және гибридті жұмыс қалыпты тәжірибеге айналған. 2025 жылы әлемдік еңбек күшінің шамамен 48%-ы осындай форматта жұмыс істейді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіштің төмен болуы экономиканың офлайн секторларға тәуелділігімен, цифрландыру деңгейінің әркелкілігімен және инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуымен байланысты.
Соған қарамастан, сарапшылар қашықтан жұмыс істеу форматының болашағы бар екенін айтады. Әсіресе цифрлық мамандықтардың дамуы мен интернет инфрақұрылымының жақсаруы бұл бағыттың өсуіне ықпал етпек.