homepage
Depositphotos.com

Қайтыс болғандардың зейнетақы жинағы мұрагерлеріне бірден беріледі

15.04.2026, 14:51

Қазақстанда зейнетақы аннуитетін ресімдеген азамат қайтыс болған жағдайда, оның артында қалған жинағын туыстары біржола иелене алады. Мәжіліс депутаттары тиісті заңнамалық түзетулерді мақұлдап, Сенатқа жолдады,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өңір тұрғындарының өтініші 

Бұған дейін қолданыста болған жүйе бойынша, 55 жастан бастап аннуитеттік төлем алған азамат зейнет жасына жетпей қайтыс болса, оның жинағы мұрагерлеріне тек ай сайын бөлініп берілетін. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл тәртіп халық арасында көптеген түсініспеушіліктер мен қиындықтар тудырып келген.

«Қазіргі таңда адам қайтыс болса, оның жинағы мұрагерлеріне өтеді. Бірақ төлем бірден жасалмайды, қаражат белгіленген тәртіппен ай сайын ғана беріледі. Атырау, Ақтау және өзге де өңірлерге барған сапарымызда тұрғындар осы қалған қаражатты бірден, біржола алу мүмкіндігін қарастыруды сұраған болатын», - деді Асхат Аймағамбетов.

Яғни, енді марқұмның артында қалған туыстары қаражатты ай сайынғы транштармен күтпей, бірден біржола ала алады. Бұл отбасыларға қиын сәтте қаржылық қолдау болмақ. 

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс ғылым мәселелеріне қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Осы құжаттың аясында зейнетақы төлемдеріне қатысты жеңілдіктер де қарастырылған.

Енді құжатты Сенат депутаттары талқылайтын болады.