homepage
Видеодан кадр

Қазақстанда ипотека мен несие алу қиындай түспек

15.04.2026, 14:21

Қазақстанда қаржылық тұрақтылықты сақтау және халықтың шамадан тыс қарызға батуын болдырмау мақсатында несие беру ережелеріне ауқымды өзгерістер енгізілмек, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова алдағы уақытта ипотека мен тұтынушылық несиелердің қолжетімділігі заемшының нақты табысына тікелей байланысты болатынын мәлімдеді.

Ипотекалық несиеде бастапқы жарнасы көп жандарға басымдық беріледі

Агенттік басшысының айтуынша, енді ипотекалық ставкалар дифференциалды (әртүрлі) болады. Бұл жүйе қарыз алушының жинаған қаражатына қарай несие пайызын белгілеуді көздейді.

Егер азамат үй құнының 30 пайызын өз қалтасынан төлей алса, оған төменірек мөлшерлеме ұсынылады. Ал бастапқы жарнасы аз клиенттер үшін несие қымбатырақ болмақ.

«Бұл – нақты шектеу емес,  тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылатын тетік. Банктер қарыз алушының табыс деңгейін бағалап, оның төлем қабілетіне қарай шешім қабылдауға міндетті. Біз соңғы жылдары, әсіресе мөлшерлемелер жоғары болған кезде берілген ипотекалық несиелер бойынша мерзімі өткен берешектердің өсіп жатқанын көріп отырмыз», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Тұтынушылық несиелер мен бөліп төлеу қатаң бақылауға алынады

Жаңа реформаның тағы бір маңызды бағыты – тұтынушылық несиелер мен маркетплейстердегі бөліп төлеу (рассрочка) қызметтерін реттеу. Енді азаматтың жалпы қарыз жүктемесі оның жылдық табысынан асып кетпеуі тиіс. Бұл ретте тек ресми расталған табыс көздері ғана есепке алынады.

Сонымен қатар агенттік «кредиттік шопингпен» күресті күшейтеді. Егер адамның бір күн болса да мерзімі өткен қарызы болса, оған жаңа несие беруге тыйым салынады.

«Бүгінде банктерге дефолт-рейт бойынша, яғни қайтарылмайтын несиелердің үлесі бойынша жеке көрсеткіштер енгізілді. Егер банкте бұл көрсеткіш жоғары болса, ол несие беру талаптарын автоматты түрде қатаңдатуға мәжбүр. Біздің мақсатымыз – банктердің заемшының нақты қаржылық жағдайын ескермей, несиені оңды-солды беруіне жол бермеу», – деп атап өтті агенттік төрайымы.

Агенттік мәліметінше, табысты растау бойынша қатаң талаптарды 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық енгізу жоспарланып отыр. Ал ипотекалық ставкалар мен бөліп төлеу нарығына қатысты өзгерістер қазірдің өзінде Ұлттық банкпен бірлесіп талқылануда.

Бұл шаралар нарықтың «қызып кетуіне» жол бермей, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.