homepage
Видеодан кадр

Өрт сөндірушілерге кедергі келтірген көліктерді мәжбүрлі түрде алу керек - депутат

15.04.2026, 12:27

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Олжас Құспеков Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады. Депутат еліміздегі өрт қауіпсіздігі жүйесі мен шұғыл қызметтердің оқиға орнына жету мүмкіндігін шұғыл қайта қарауды талап етті,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Олжас Құспековтің айтуынша, соңғы төтенше жағдайлар Қазақстандағы өрт қауіпсіздігі жүйесінің осал тұстарын көрсетіп берді

Қазіргі таңда адамдар тек тілсіз жаудан ғана емес, құтқарушылардың уақытында жете алмауынан да зардап шегуде. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, 2025 жылы шұғыл қызметтер 93 мыңнан астам шақыртуға шыққан, ал өрттің 62%-ы тұрғын үй секторында болған.

«Бүгінде адамдар тек өрттің салдарынан ғана емес, өрт сөндіру көлігі, жедел жәрдем немесе өзге де шұғыл қызметтердің оқиға орнына уақытында жете алмауынан қаза табуы мүмкін. Жабық жолдар, бейберекет тұрақ, істен шыққан гидранттар мен меншік иелері тарапынан формальды бақылау адам өміріне тікелей қауіп төндіріп тұр», – деді депутат.

Осыған байланысты депутат халықаралық тәжірибеге сүйеніп, «Fire Lane» принципі бойынша арнайы таңбаланған және көлік қоюға қатаң тыйым салынған «өрт дәліздерін» енгізуді ұсынды.

Кедергілерді жою және шығынды өтемеу мәселесі

Депутаттық сауалдағы ең өткір ұсыныстардың бірі құтқарушылардың жолындағы кедергілерді еш кедергісіз алып тастау құқығы болды. Бұл тұрғын үй кешендерінің ауласындағы заңсыз орнатылған шлагбаумдар мен дұрыс қойылмаған жеке көліктерге қатысты.

«Шұғыл қызметтерге оқиға орнына бара жатқан жолдағы кедергілерді, соның ішінде адам өмірін құтқаруға кедергі келтіретін шлагбаумдарды, қақпалар мен автокөліктерді ашуға немесе зақымдауға рұқсат беру керек.

Егер иесі ереже бұзған болса, мемлекет тарапынан ешқандай шығын өтелмеуі тиіс. Уақыт секундпен есептелгенде, темір қоршаулар өлімге себепші болмауы керек», — деп атап өтті Олжас Құспеков.

Фракция мүшесі тек жол ашумен шектелмей, ғимараттардың ішкі қауіпсіздігін де күшейтуді ұсынды. Бұл ретте өрт сөндіру жабдықтарының жарамдылығын тексеруді цифрлық бақылауға көшіру және түтін датчиктерін шұғыл қызметтердің орталық жүйесіне кезең-кезеңімен қосу маңызды.

Сонымен қатар депутат Үкіметке азаматтар мен бизнес өкілдерінің мүлкін төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыру тетіктерін қарастыруды ұсынды. Бұл шаралар кешені тек өрттің алдын алып қана қоймай, оқыс оқиға орын алған жағдайда шығындарды өтеудің жүйелі жолын қалыптастыруға тиіс.

Мәжіліс депутаты Үкіметтен аталған ұсыныстарды мұқият қарап, оларды іске асыру бойынша нақты ұстанымын білдіруді сұрады.