Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Абзал Құспан жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасына енгізілетін түзетулер төңірегіндегі ахуалға қатысты шұғыл мәлімдеме жасады. Депутат қоғамдағы пікірталастың заң шеңберінен шығып, ашықтан-ашық қоқан-лоқы мен жалған ақпарат тарату деңгейіне жеткенін сынға алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттарға қатысты зорлық-зомбылыққа шақыру жиілеген
Мәлімдеме барысында депутат соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, атап айтқанда Facebook платформасында заң жобасын талқылау барысында этикалық және құқықтық нормалардың өрескел бұзылып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, жұмыс тобындағы депутаттар Еділ Жаңбыршин мен Сергей Пономаревтің атына тікелей қоқан-лоқы жасалып, тіпті оларды «атып өлтіруге» шақыратын пікірлер жазылған.
«Бұл – жай ғана эмоция емес. Бұл – құқықтық баға беруді қажет ететін нақты әрекет. Қақтығыс тек депутаттар мен жекелеген азаматтар арасында ғана емес, осы заң жобасын қолдаған және қарсы болған топтардың арасында да қауіпті деңгейге дейін ушығып отыр. Мұндай әрекеттердің құқықтық шегі бар», - деді Абзал Құспан.
«Сөз бостандығы – жауапсыздық емес»
Абзал Құспанның пайымдауынша, кез келген өзекті мәселенің (мейлі ол АЭС, Конституция немесе жануарлар құқығы болсын) әп-сәтте айғай мен манипуляцияға айналуы – қоғамдық пікірді басқарудың қауіпті тәсілі.
Ол мемлекеттік институттарды қаралау мен әлеуметтік алауыздықты қоздыруды «сөз бостандығы» деп түсінуге болмайтынын қадап айтты.
Депутат өз сөзінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа келісім екенін, сондықтан заң аясынан ешкімнің де жоғары тұрмайтынын ескертті.
Ол құқық қорғау органдарын араздық қоздыру мен зорлық-зомбылыққа шақыру фактілеріне жедел құқықтық баға беруге шақырды.
Диалог пен жауапкершілік мәдениеті
Мәжіліс мүшесі қоғамдағы кез келген келіспеушілік тек институционалдық тетіктер арқылы, яғни ашық диалог пен дәлелді сын негізінде шешілуі керек деп есептейді.
«Нақты мәселе алаңдатқан адам – диалогқа келсін, ұсыныс берсін, бақылауға қатысын. Бұл – дұрыс әрі нәтижелі жол. Біз құқықтық мемлекетпіз, ал құқықтық мемлекетте бір ғана өлшем бар – ол Заң! Сондықтан әркім өз сөзі мен іс-әрекетіне жауап беруі тиіс. Біздің міндет – эмоцияға ермеу, қоғамды бөлмеу, керісінше біріктіру», - деп түйіндеді депутат.
Мәлімдеме соңында Абзал Құспан барша азаматтарды сабырлыққа шақырып, кез келген түзетулер мен өзгерістер тек заң аясында және халықтың мүддесін ескере отырып жүзеге асырылатынын жеткізді.