homepage
Видеодан кадр

Түркістан облысы: МӘМС-тен миллиондаған қаржы жымқырылған

15.04.2026, 10:56

Түркістан облысының прокуратурасы мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды тексеру барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатын заңсыз алу және жұмсау деректерін анықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тексеру кезінде лицензиясыз қызмет көрсету және медициналық көмектің сапасыз әрі тиісті деңгейде ұсынылмау фактілері белгілі болды.

Жалған қызметтер арқылы миллиондаған қаржы алынған

“Мәселен, өңірдегі жекеменшік клиникалардың бірінде рұқсат құжаттарынсыз түрлі бейіндегі дәрігерлер атынан 28 мыңнан астам жалған консультация көрсетіліп, 91 млн теңге алынған”, – деп атап өтті прокуратура өкілдері.

Бұл дерек бойынша іс Қылмыстық кодекстің 214-бабы негізінде тіркеліп, тергеуді экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізді. Келтірілген залал толық өтелгендіктен, іс ақталмайтын негіздермен тоқтатылған.

“Стоматологиялық қызмет” құны 200 млн теңгеден асқан

Сонымен қатар 203 млн теңгеге жалған стоматологиялық қызмет көрсету фактілері әшкереленді. Екі клиника формалды түрде тіркелген дәрігерлер арқылы 40 мың жалған қызметті электрондық жүйеге енгізген.

Тексеру барысында бір дәрігердің бір күнде бірнеше клиникада бір уақытта ондаған науқасқа «қызмет көрсеткені» анықталған.

Пациенттердің жауаптары бұл мәліметтердің жалған екенін растады.

Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.